Үшінші мегаполисте ұлыстың ұлы күні «Шымқала» этноауыл тарихи кешенінде «Наурыз-Думан» мерекесімен басталды. Этноауыл қазақы дәстүрге сай безендіріліп, киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар әзірленді. Жеті дәмнен тұратын Наурыз көжеден алдымен қонақтар мен қала тұрғындары дәм татты.
Мерекеге ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Айгүл Қапбарова, Нұрлан Бекназаров қатысты.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов барша тұрғындарды Әз-Наурыз мейрамымен құттықтады.
— Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ғасырлар қойнауынан жеткен Ұлыстың ұлы күні, жыл басы – табиғаттың ғана емес, адамзат рухының да жаңаруының белгісі. Бұл мейрам баршамызды бірлік пен татулыққа шақырып, ортақ іске жұмылдырады. Наурыз – Шымкенттен бастау алады деуге болады. Дәстүрлі мерекемізге басымдық беру мақсатында наурыз айының әрбір күнін ерекше атап өтуді қолға алдық. Осылайша ұлттық қазынамыз бен тарихи құндылықтарымыз, халқымыздың салт-дәстүрі дәріптелуде. Елімізді шуағына бөлеген Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мол ырыс пен мызғымас ынтымақ сыйласын! - деп тілегін жеткізді.
Сонымен бірге, ұлттық мерекеде шаһар басшысы кішкентай бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ жол тіледі.
Мерекені тойлауға қала халқы да көптеп жиналды.
– Шымкент шаһарымызда Наурыз мерекесі керемет өтуде. Мамыражай уақытта Ұлық мерекесі тойлағанға не жетсін! Мереке құтты болсын, - деді Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ-драма театрының актрисасы Жәудір Садықбекова.
Айта кетейік, Наурыз мерекесі қаламызда он локацияда аталып өтіп жатыр.