ШЫМКЕНТТЕ ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕРДІ ҚОЛДАУ БАҒЫТЫНДАҒЫ КЕЗЕКТІ ЖИЫН ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕРДІ ҚОЛДАУ БАҒЫТЫНДАҒЫ КЕЗЕКТІ ЖИЫН ӨТТІ

Шымкент қаласында әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және отбасылық-демографиялық саясатты жетілдіру мәселелеріне арналған кең көлемді басқосу өтті. Жиынға мемлекеттік органдар өкілдері, түрлі саланың мамандары, ғалымдар, депутаттар және азаматтық қоғам мүшелері қатысты.

Іс-шараны «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдердің құқықтарын қорғау, оларды қолдау және қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан мемлекетттік саясатқа тоқталды. Оның айтуынша, AMANAT партиясы қатарындағы әйелдердің үлесі 65 пайыздан асады, ал бастауыш партия ұйымдарының жартысынан астамын әйелдер басқарады. Бұл көрсеткіш нәзік жандылардың ел дамуындағы рөлінің жоғары екенін білдіреді. Сонымен бірге партияның Әйелдер қанаты жүзеге асырып жатқан «ӘЙЕЛ АМАНАТЫ» бастамасының маңызы да айтылды. Аталған жоба әр салада еңбек етіп жүрген белсенді әйелдерді біріктіріп, ортақ диалог пен ынтымақтастық алаңын қалыптастыруды көздейді.

Осы бағыттағы жұмыстардың өңірлік деңгейде атқарылуы туралы AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Наргиза Керимбаева баяндама жасады. Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының доценті, саяси ғылымдарының кандидаты Сауле Рысбаева «Гендерлік теңгерім және теңдік» тақырыбында сөз сөйлеп, еліміздегі гендерлік саясаттың даму динамикасына тоқталды.

Бұдан кейін М. Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан зерттеу университетінің Шыршық филиалының директоры, қалалық мәслихат депутаты Дария Қожамжарова «Ғылымдағы әйелдердің рөлі» төңірегінде мазмұнды баяндама жасап, ғылым саласындағы әйелдердің жетістігі мен үлесін атап өтті. Ал, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Баян Жандосова «Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын түсіндіріп, мемлекеттік деңгейде қолға алынған механизмдерге тоқталды.

Гендерлік саясаттағы өзекті мәселелер мен олардың шешу жолдары туралы М. Әуезов атындағы университеттің «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Ардақ Монтаев баяндама жасады. Ол экономикалық еркіндік, тең мүмкіндіктер және билік құрылымдарына әйелдердің қатысуын кеңейту мәселелерін талдады. Басқосу әйелдерді қолдау бағытындағы бастамаларды талқылап қана қоймай, түрлі сала мамандары арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтуге мүмкіндік берді. Жиын қорытындысында қатысушылар гендерлік теңдік саясатын одан әрі ілгерілетуге дайын екендігін атап өтті.

«Шымкент келбеті»