Бүгін Шымкентте «Халық заңгері» республикалық әлеуметтік науқан аясында ауқымды іс-шара өтті. Шараның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заң көмегін ұсыну. Акцияға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қырық екі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ жеке сот орындаушылар, нотариустар, адвокаттар мен коммуналдық мекемелердің мамандары қатысты. Сондай-ақ, қала жастарының қолдауымен еріктілер ұйымы да қызмет көрсетті. Келушілер жетекші мамандардан құқықтық кеңес алып, көкейіндегі сауалдардың шешімін тапты.
«Халық заңгері» халықты құқықтық қолдаудың сұранысқа ие жобасына айналды. 2016 жылдан бері республика бойынша өтетін акцияда азаматтар тегін көмек алды, ал консультация өткізуге білікті заңгерлер мен мемлекеттік органдардың басшылары тартылды. Осы акцияға тұрғындар тарапынан сұраныс жыл санап артып келеді. Баршамызға белгілі, заңгерлердің кеңесіне кей тұрғындар қаржы таба алмай жатады. Бұл акция сондай азаматтарға таптырмас мүмкіндік. Олар сұрағына байланысты қайда жүгіну керек, мәселені шешудің бағыт-бағдарын алып кетеді»,-деді Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов.
Шара барысында қала тұрғындарына құқықтарын қорғау жолдары, мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі және тегін заң көмегін алу тетіктері түсіндірілді.
Акция барысында 1000-нан астам қала тұрғыны отбасылық, еңбек, жер, азаматтық және әкімшілік заңнама салалары бойынша заңгерлік кеңес алды.«Халық заңгері» республикалық акциясы өз жұмысын жалғастырып, әрбір азаматтың құқықтық сауатын арттыруға және заң аясында қорғалуына бағытталған бастамаларды жалғастыра бермек.
«Шымкент келбеті»
 
                                 
             
             
             
             
             
             
             
             
             
             
             
             
            