Шымкент қаласында мегаполис талаптарына сай ірі спорт нысандары бой көтеруде.БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов солардың бірнешеуінің құрылысымен таныстырды.
Айталық Бозарық тұрғын алабындағы ипподром. Халықаралық талапқа сай салынып жатқан атшабар 1.5 мың көрерменге арналған. Жүгіру алаңы—2000 метрді құрайды. 150 бас жылқы сиятын атқора салынуда. Ипподромда көкпар мен ат спортының көптеген түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылмақ. Атшабар биыл қыркүйекте бітеді деген жоспар бар.
Келесі нысан Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша корпусы. Ермек Аманжолұлының айтуынша, осы жылы қазанда пайдалануға берілуі тиіс ғимаратта балалар спорттың 12 түрі бойынша жаттығатын болады.
Өз кезегінде шаһарда "Металлургтер" стадионы қайта жаңғыртылып жатыр. 1500 көрермен сиятын спорт кешені халықаралық талапқа сай болады.
—Қазіргі таңда стадион алаңы табиғи төсенішке әзірленіп, қосымша әкімшілік ғимараты салынып жатыр. Нысан биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде, - деді басқарма өкілі Е.Дәрменов.