Шымкентте жыл басынан бері кене шағып, медициналық көмекке жүгінген 41 науқас тіркелді.Кене шағу жағдайлары былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 2 есе өскен (2021 жылы - 7 жағдай) деп хабарлайды Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау дептартаментінің баспасөз қызметі.
Шымкент қаласы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан қолайсыз аймақтар қатарына жатады. Аурудың алдын алу үшін қалада жыл сайын елді мекендердің айналасындағы санитарлық қорғау аймақтарын кенеге қарсы өңдеу, сондай-ақ жануарларды, мал қораларын және буферлік аймақтарды залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Қалада дезинфекция орталығы мен ветеринарлық қызмет тарапынан көктемгі дезинфекциялау іс-шаралары басталды. Өңдеу жұмыстары 30 мамырға дейін жалғасады.
Сондықтан қала тұрғындарына іргелес аумақтарға, мал қораларына механикалық тазалау жүргізу, өңдеу жүргізілген жерден қи шығару, яғни кенелердің көбеюін және адамдар арасында КҚГҚ ауруының алдын алу мақсатында дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу тиіс.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі клиникалық көріністері мынадай:
Инкубациялық кезең (ауру қоздырғышын жұқтырғаннан аурудың алғашқы белгілерінің пайда болуына дейінгі мерзім)1-14 күнге дейін созылады, бұл кезеңнің ұзақтығы вирусты жұқтыру жолына байланысты болады.
Аурудың алғашқы белгілері: дене қызуының кенеттен 39-40ᵒС-қа дейін көтерілуі; қатты бас ауыруы; көздің қызаруы; бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігінің қызарып, ісінуімен және мойын, арқа, белдің ауыруымен; лоқсу немесе құсу; іш ауыруы немесе өтуі; ауру одан әрі дамыған жағдайда: денеде бөртпелердің пайда болуы; мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету белгілері; ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгілерінің байқалуымен сипатталады.
Кене шаққан немесе кенемен жанаста болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралуыңыз және 14 күн медициналық бақылауда болуыңыз қажет.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 2021 жылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының 2 жағдайы тіркелген. 2022 жылдың 3 айында аурушаңдық тіркелмеді.