Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жыл басынан бері қаладағы 72 елді мекенді аралап, халықпен еркін форматта кездесулер өткізді. Онда тұрғындар 374 мәселе көтерген. Әрбір мәселе бойынша жеке хаттамалық тапсырма жазылып, орындалуы қатаң бақылауға алынған. Нәтижесінде 78 мәселе шешілсе, 249 мәселе жыл соңына дейін шешіледі. Қалған мәселелер жоспарға сәйкес 2023-2025 жылдары шешімін табады.
Бұл туралы Базарқақпа тұрғын алабында Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездескен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов айтты.
– Бұрын әкімдер халықпен жылына бір рет кездесу өткізіп, есеп беретін еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, туындаған мәселелерді дер кезінде шешіп отыру мақсатында сіздермен тұрақты түрде кездесіп тұратын болдық, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы. – Мәселен, бір ғана Еңбекші ауданында 35 елді мекен мен шағын аудан бар. Онда 300 мыңнан астам халық өмір сүреді. Аудан әкімдігінің штат саны шектеулі. Осыған байланысты бұған дейін кейбір елді мекендерге әкімдіктің өкілдері бармаған, ондағы проблемаларды тыңдап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтпаған болуы да мүмкін. Сол үшін жыл басынан бері қаладағы 72 елді мекенді аралап, көшелерге, аулаларға барып, Сіздердің мәселелеріңізді, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдап шықтық.
Әкімнің айтуынша, сол кезде айтылған проблемалардың уақтылы шешілуін қадағалау үшін әрбір шағын аудан мен тұрғын алаптың белсенді азаматтарынан тұратын қоғамдық бақылау кеңестері құрылған. Қала әкімі аталған кеңес мүшелерімен айына бір рет кездесіп, мәселелердің шешілу барысын баяндап отырады.
Мұнан бөлек қала әкімі әр тоқсан сайын қаладағы 4 ауданның әрқайсысында тұрғындарымен 3 реттен кездесу өткізеді. Қала берді қалалық мәслихаттың әрбір депутаты мен Қоғамдық кеңестің мүшелері де қаладағы елді мекендерге жауапты етіп бекітіліп, тұрғындармен керіс байланыс орнататын болды.