Бүгін Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында қазақ тарихы мен руханиятына арналған жаңа басылымдардың тұсаукесері өтті. Оқырман қауымға «Аңыз бен Ақиқат» және «Жаңғырық» атты тарихи-танымдық, әдеби-көркем журналдар таныстырылды. Жаңа журналдардың бас редакторы, белгілі қаламгер, баспасөз саласының майталманы Қаршығабек Қамбарбек іс-шараға келушілерге алғысын білдірді.
Сондай-ақ тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар, журналистер мен кітапхана оқырмандары қатысты. Қатысушылар жаңа жобаның маңыздылығына тоқталып, басылымдардың қазақ руханиятына қосар үлесін жоғары бағалады.
Мұнда қазақ тарихы, шежіре, халық ауыз әдебиеті жанрындағы тың деректер мен өмірлік ақиқаттарға негізделген мақалалар, рухани мұралар туралы зерттеулер және әдеби шығармалар тұрақты жарық көрмек. Мазмұны бай, құрылымы сауатты, безендірілуі ұлттық нақышта жасалған журналдар ұлт руханиятын түгендеп, заман талабына сай сапалы өнім ұсынады.
Қаршығабек Қамбарбек өз сөзінде басылымдардың басты мақсаты ұлттың өткені мен бүгінін сабақтастыру, рухани құндылықтарды насихаттау екенін атап өтті.
Жиын барысында зиялы қауым өкілдері редакция ұжымына шығармашылық табыс тілеп, журналдардың тұрақты жарық көруін тіледі.
Жиналғандар жаңа журналдар қазақ руханиятының дамуына серпін беретініне, оқырман жүрегінен орын табарына үлкен сенім білдірді.