Үшінші мегаполисте Ұлыстың ұлы күні - Наурызға арналған мерекелік іс-шаралар басталды. Бүгін көктем мерекесі – Қошқар ата сейілі өтті. Қала орталығындағы бұлақ бастауында өткен мерекелік жиынға қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты барлық мекеме ұжымдары қатысты.
Қошқар ата өзенінің бастауында киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылды, қазақтың салт-дәстүрлері көпшілік назарына ұсынылды. Ақ жаулықты әжелер қол диірмен тартып, келі түйді, табаға нан пісіріліп, қала тұрғындарына Наурыз-көже таратылды.
– Жылдағы дәстүр бойынша жыл басы – әз Наурыз мерекесі Шымкентте он күн бойы атап өтіледі. Әр күнге тақырып беріліп, өз алдына бөлек іс-шаралар жоспарланған. Барлық мерекелік жиындар мен қойылымдар басқарманың ұйымдастыруымен өткелі отыр. Бүгінгі Қошқар ата сейілі қаламызда 2016 жылдан бері қайта жаңғырып, барлық сән-салтанатымен өтуде. Ендеше, Ұлыстың ұлы күні Қазақстанға құтты болып келсін, баршаңызды келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтаймын! – деді мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Демеуғали Бақов.
Мерекелік іс-шараны тамашалауға келген қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ұл баланың тұсауын кесіп, ізгі тілегін білдірді.
Жылдағы дәстүр бойынша бұл күні қошқар көтеруден сайыс өтіп, екі бірдей қошқар жүлдеге тігілді. Салмағы 45 келілік қошқарды 47 рет көтерген Бадам станциясының тұрғыны Ербол Орынхан, ал 105 келілік қошқарды 21 рет көтерген Бәйдібек ауданы Теректі ауылынан келген Мейірхан Рысдәулетов жеңіске жетіп, қанжығаларына байлады. Сонымен қатар биыл дөңке жарудан жарыс өтіп, онда ептілік көрсеткен Үсен Орынбаев қарсыластарынан озып шықты.
Түрлі театр әртістері мерекелік қойылымдар ұйымдастырып, сахналық көріністер ұсынды. Мерекеге келгендер темір ұсталары мен ағаш шеберлерінің, қолөнершілердің бұйымдары мен өнерлерін тамашалады. Өзен жағалап самаурын қойылып, көпшілікке арнап палау басылды.
Айта кетейік, биыл Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар Шымкентте 13 наурыздан бастап 23 наурызға дейін Көрісу күні, Жайлау күні, Шежіре күні, Тарихқа тағзым күні, Игі істер күні, Шымырлық пен шеберлік күні, Nauryz Fashion Day, Зияткерлік күні, Ұлттық тағамдар фестивалі, Гастроном Fest, Ұлыстың ұлы күні және Жоралғы күні деген атаулармен өтеді.