Шымкент қаласындағы №2 Оқушылар сарайында қыш өнеріне арналған халықаралық фестиваль өз жұмысын бастады. Бұл жиынның басты мақсаты – ұлттың рухани байлығын сақтап, ұмытылып бара жатқан қолөнер дәстүрін жаңғырту және оны жастарға үйрету. Фестиваль аясында еліміздің және шетелдің белгілі шеберлері бас қосып, тәжірибе алмасып, түрлі шеберлік сағаттарын өткізуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара жастардың қызығушылығын арттыру мен дәстүр сабақтастығын қалыптастыруға бағытталған.
Оқушылар сарайының директоры Данияр Егізбаев шараның мән-маңызын атап өтті.
– Елдің ынтасын көтеру мақсатында халықаралық фестиваль ұйымдастырып жатырмыз. Әр елден келген қолөнершілер өз тәжірибесімен бөлісіп, балаларға шеберлік сағатын өткізеді. Шара барысында Шымкент қаласындағы ең үлкен қыш құмыраның ашылу рәсімі өтеді. Оның биіктігі 2 метр. Бұл құмыраны №2 Оқушылар сарайының құмыра жасау үйірмесіне қатысатын оқушылар 2 күнде жасап шықты, – деді ол.
Фестивальді өткізуге бастамашы болған құмыра жасау өнерінің шебері Ақмарал Дәулетәлиқызы бұл жобаны бірнеше жыл бұрын бастағанын айтады. Оның сөзінше, алғашында тек жергілікті деңгейде өткізу жоспарланғанымен, қазіргі таңда шараның ауқымы кеңейіп, халықаралық сипатқа ие болған.
– Біз мұндай жобаны жастарға бағыттап, ұмыт қалып бара жатқан дәстүрді қайта жаңғырту мақсатында бастадық. Қыш өнері – тек бұйым жасау емес, ол шыдамдылықты, дәлдікті және табандылықты талап ететін еңбек. Ең бастысы – осы өнерді келер ұрпаққа аманаттау, – дейді шебер.
Бүгінгі жиынға Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан және Ресей елдерінен келген танымал ұсталар қатысып жатыр. Әр елдің өкілдері өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтаған техникасын көрсетіп, оқушылармен бірге жұмыс жасауда. Айта кетерлігі, фестиваль аясында Түркиядан шыққан әлемдік деңгейдегі құмырашы Ахмет Ташхомжу 6 күн бойы ұстаздар мен оқушыларға шеберлік сағатын өткізеді. Ол 2013 жылы небәрі 2 айдың ішінде 5 тонна материалдан биіктігі 5,75 метр болатын құмыра жасап шыққан. Бұл туынды Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ол алдағы күнде жергілікті шәкірттерге қыш жасау техникасын үйретіп, өз елінің қолөнер мәдениетімен таныстырады. Сондай-ақ, шетелдік қонақтарға Түркістан, Отырарға сапар ұйымдастырылмақ. Бұл жерлерде олар көне дәуірден келе жатқан қыш жасау өнерінің тарихымен, археологиялық жәдігерлермен танысады.
– Біздің өңір – ежелден қыш өнерінің отаны. Сол бай мұраны жастарға жеткізіп, заманауи әдістермен ұштастыру – басты мақсатымыз, – дейді ұйымдастырушылар.
Қазіргі таңда Оқушылар сарайындағы қыш үйірмесіне тоқсанға жуық оқушы қатысып жүр. Олар аптасына екі рет сабаққа келіп, бір жарым сағат бойы қыш илеп, түрлі бұйымдар жасап үйренеді. Үйірмеде алты топ жұмыс істейді, әр топта шамамен он бес бала бар.
– Бүгінге дейін 90-ға жуық шәкірт тәрбиелеп шықтым. Олардың оны қазіргі таңда ұсталық қызметпен айналысып жүр. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. Біздің мақсат – жас буынға өнерге деген сүйіспеншілікті сіңіру және оларды еңбексүйгіштікке баулу, - дейді Ақмарал Дәулетәлиқызы.
Фестивальдің ерекшелігі – қыш өнерін тек үйретіп қана қоймай, оның заманауи үлгіде дамуына жол ашуында. Ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай бастамалар арқылы ұлттық қолөнерді заман талабына сай жаңа деңгейге көтеруге болады. Оқушылар сарайындағы халықаралық шеберлер кездесуі алдағы алты күн бойы жалғасады. Шара соңында үздік жас шеберлер мен ұсталар марапатталып, қатысушыларға сертификаттар табысталмақ.
«Шымкент келбеті»