Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес 1 қазан Радио қызметкерлері күні болып бекітілді. Елімізде алғаш рет тойланып отырған жаңа мереке Шымкент қаласында аталып өтілді.
Мерекелік жиынға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, «Шалқар» радиосының бұрынғы бас-редакторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек, «Қазақ радиосының» бұрынғы Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Махат Кәбірұлы, «Шалқар» радиосының директоры Төлепберген Болатбек, «Қазақстан» ұлттық арнасының тележүргізушісі - Ләйлә Сұлтанқызы, «Үздік радиожурналист» сыйлығының иегері, қазіргі «Қазақстан КВН Одағының» Президенті Есентүгел Елеукен, тележүргізуші Асхат Садырбай қатысты.
Қала әкімі радио қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
- Радио – идеологияның маңызды құралы. Мыңдаған тұрғындар жолда жүріп радио жаңалықтарын тыңдайды. Халыққа дұрыс ақпарат жеткізуде, тұрғындардың сұраныстарын білдіруде және азаматтық қоғаммен байланысты жаңа деңгейге көтеруде Сіздердің еңбектеріңіз зор деп білемін. Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, Сіздерге шығармашылық табыстар тілеймін! - деді Мұрат Әйтенов.
Сондай-ақ, шаһар басшысы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде тек 407 ақпарат құралы, соның ішінде екі радио болса, қазір медиа ресурстардың саны 4,5 мыңнан асқанын, Қазақстан аумағында қызмет атқаратын радиостанциялар саны 79 бірлікке ұлғайғанын айтып өтті. Қонақтарға Шымкенттің символына айналған қызғалтақтың тұқымын сыйға тартты.
Бүгінде республиканың үшінші мегаполисінде 2 радиостанция жұмыс істейді. Оның ішінде 100 жылдық тарихы бар «Қазақ радиосының» филиалы қызмет атқарады. Республикалық радионың трансляциясы Шымкент қаласында 1929 жылдан бастап жүргізілсе, 1932 жылы радиохабарлар жүйелі түрде таратыла бастады. «Қазақ радиосының» 100 жылдық мерейтойына орай Шымкентте Қаратау ауданындағы орталық көшеге «Қазақ радиосы» атауы берілді.