Үшінші мегаполисте ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай волейболдан әуесқой микс командалар арасында жарыс өтті. Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен спорттық бәсекеге шаһар аумағы мен облыс аудандарынан келген 8 команда қатысып, бақ сынады.
Арнайы спорт алаңында ұйымдастырылған спорт додасында «№24 мектеп», «Шығыс», «Шығыс -1», «Қазығұрт», «Дарын», «Шардара», «Төлеби-1», «Леңгір» командалары өзара мықтыны анықтады. Спортшылардың ауызбіршілігін арттыру, ынтымақтастығын нығайту және салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған турнирге командалар тыңғылықты дайындықпен келген. Микс құрама сапындағы ардагерлер, қыздар мен жас спортшылар шеберліктерін көрсетті.
Қызу да тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша І орынды «Шығыс» командасы иеленді. Ал финалда қарсыласына 2/1 есебімен есе жіберген «Шығыс-1» құрама командасы ІІ орынға жайғасты. Қазығұрттық құрама командаларының спортшылары үздік үштіктен табылды. Жеңімпаздар аудан әкімінің арнайы дипломы және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ойында белсенді өнер көрсеткен үздік ойыншыларға алғыс хаттар табысталды.
Айта кетейік, аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын орнықтыру, олардың спортпен айналысуы үшін ынталандыру мақсатында мұндай жарыстар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.