Биыл Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Осыған орай 6-11 қараша аралығында Шымкент қаласында Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалі өтеді.
Аталған фестиваль Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Фестивальдің ашылу салтанаты 6 қараша күні, сағат 10:00-де Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында өтеді.
Фестивальға Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжан және Қазақстан театрлары арасынан іріктелген 9 спектакль қатысады. Көрермен назарына С. Қасымбектің «АТЖАЛМАН ҒАСЫР», Ш.Айтматовтың «БЕТПЕ-БЕТ», Х.Ниязидің «САЙҚЫМАЗАҚТАРДЫҢ ОЙЫНЫ», П.Сейидлидің «КИЛЛЕРДЕН ТЕЛЕГРАМ», Ғ.Мүсіреповтің «ҰЛПАН», Ш.Айтматовтың «ЛУВР ҮЙРЕГІ», Хэменгуэйдің «ШАЛ МЕН ТЕҢІЗ», А.Навоидің «ЛӘЙЛІ-МӘЖНҮН» және А.Гильязованың «ҚАР АСТЫНДАҒЫ ҚАЙНАР БҰЛАҚ» туындылары ұсынылады.
Сонымен қатар фестиваль аясында 7-10 қараша аралығында театр мамандарының шығармашылық әлеуеті мен кәсіби деңгейін жақсарту мақсатында «Шеберлік сабақтары» өткізіледі деп жоспарланған.