Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен Шымкентте «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты республикалық байқау өтті.
Бұл дәстүрлі сайыс мемлекеттік тілді жетік меңгерген әскери қызметшілер арасында өткізіліп, биыл елдің түкпір-түкпірінен іріктеуден өткен 11 үміткерді тоғыстырды. Қатысушылардың қатарында түрлі этнос өкілдері бар. Олар барша жұртқа қазақ тілін меңгерудің, құрметтеудің үлгісін көрсетті.
Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі беделін арттыру және мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді азаматтарды ынталандыру.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде қатысушылар «Біз мемлекеттік тілді дамытуға қандай үлес қосудамыз?» тақырыбында өздерінің қызметтік және азаматтық ұстанымдарын таныстырды. Келесі «Сөздің көркі» кезеңінде оқу, білім, өнер мен мәдениет тақырыптарындағы мақал-мәтелдерді жалғастыру арқылы тіл байлығын, шешендік қабілетін көрсетті. «Ой ұшқыны» бөлімінде қатысушылар берілген тақырыптар төңірегінде еркін ой толғап, тілдің қоғамдағы орнына қатысты өз көзқарастарын білдірді. Соңғы «Ұшқыр сұрақ, ұтқыр жауап» кезеңінде үміткерлер жылдамдық пен тапқырлық танытты.
Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің, тәуелсіздіктің тұғыры. Қазақ тілін меңгеру – әр азаматтың қасиетті борышы. Әскер қатарында еңбек етіп жүрген азаматтарымыздың мемлекеттік тілге деген құрметін көріп, болашағымызға сенім арта түседі. Мұндай байқаулар рухты, елжанды ұрпақты қалыптастыруда үлкен рөл атқарады, – деді ол.
Байқауға филолог ғалым, қоғам қайраткері және әскери сала өкілінен құралған қазылар алқасы төрелік етті. Әділ бағалау нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Байқау соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге әрқайсысы өз үлесін қосуға ниетті екендерін айтты.
Мемлекеттік тіл – ел рухының айнасы, ұлттың ұйытқысы. Тілді меңгеру – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, Отанға деген сүйіспеншіліктің, ұлттық сана мен рухтың көрінісі.
«Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауы ел қорғаған ерлердің рухына рух қосып, қазақ тілін ардақ тұтудың тамаша дәстүрін қалыптастыруға жол ашып келеді.
«Шымкент келбеті»