Шымкент қаласында 1 наурыздан бастап «Ozim Scooters» компаниясы әкімдікпен бірлесе скутер-шеринг жобасын іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл жоба әлемдік деңгейде кеңінен таралып келеді. Бүгінде Орта Азиядағы елдер ішінде тек Қазақстанда ғана жүзеге асырылуда. Бұған дейін аталған жоба Алматы қаласында іске қосылған.
Жобаны жүзеге асыру үшін қалаға 127 млн.теңгеден астам инвестиция тартылған. Сондай-ақ тұрақты 20 жұмыс орны ашылмақ.
Электрскутерді алдын ала жалдау бағасы 1 минутына 30 теңгені құрайды, сондай-ақ абонементтер-апталық және айлық болып қарастырылған.
Бірінші кезеңде 300 скутерді іске қосу жоспарлануда және қаланың әртүрлі бөліктерінде орналасқан 30 бекет ашылады.
Қауіпсіздікті сақтау мақсатында скутерлердің жылдамдығы сағатына 25 км дейін шектелген.
Экологиялық таза скутерлер электр қозғалтқыштарымен жабдықталған.
Қызметті пайдалану үшін сізге OZIM мобильді қосымшасына тіркелу керек. Ол үшін ең алдымен App Store немесе Play Market -тен қосымшаны жүктеу қажет.
Айта кетейік, скутерлерді 18 жасқа толмаған адамдарға пайдалануға тыйым салынады.