Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Политехникалық колледжде «Таза Қазақстан» республикалық жобасы аясында студенттердің экологиялық акциясы өтті. Шара бірнеше бағытты қамтып, жастардың экология мәселелеріне деген көзқарасын қалыптастыруға және табиғатты қорғау мәдениетін арттыруға бағытталған.
Акция барысында – «Экологиялық мәселелер – бұл әр азаматтың жеке жауапкершілігі ме, әлде мемлекеттің міндеті ме?» тақырыбындағы эко-дебат ұйымдастырылған. Парламенттік пікірсайыс форматында өткен талқылауда студенттер экология саласындағы жауапкершіліктің кімге жүктелу керектігін нақты дәлелдермен талдады.
«Қолдау» тобы экологиялық қауіпсіздік үшін мемлекет негізгі жауапты тарап екенін айтты. Олар экологиялық заңдарды қабылдау, өнеркәсіпті бақылау, қоқыс өңдеу жүйелерін дамыту секілді жұмыстарды мемлекеттің өзі атқаратынын мысалға келтірді.
Ал «Қарсы» тобы экологиялық мәдениет әр азаматтың жеке әрекеті екендігін атап өтті. Қоқысты сұрыптау, тұрмыста үнемдеу, еріктілер қозғалысына қатысу – қоғамның өзі жасай алатын нақты қадамдар екенін жеткізді. Студенттер халықаралық тәжірибеге сүйеніп, түрлі ұйымдардың тәжірибелерін де атап өтті.
Биология бағытында өткен «Табиғаттың жас қорғаушылары» атты сайыста студенттер зерттеу жобаларын қорғады. Сайыс олардың табиғатты қорғауға деген қызығушылығын арттырып, жауапкершілік сезімін күшейтті.
Сондай-ақ, шара барысында «Тазалық менен басталады!» атты көркем сурет галереясы да ұйымдастырылған. Студенттер экология тақырыбында өз көзқарасын сурет арқылы көрсетіп, табиғатты қорғау туралы ойларын шығармашылық тілмен жеткізе белген.
Жалпы, Политехникалық колледжде өткен акция «Таза Қазақстан» жобасын бірнеше бағытта қамтыды. Мұндай іс-шаралар жастарды табиғатты құрметтеуге, қоршаған ортаны қорғауға және өз үлесін қосуға шақырады.
«Шымкент келбеті»