Шымкентте қазірде су қоймаларының толымдылығы 16–70 пайызды құрап, тасқын суды қабылдауға жеткілікті қор бар, – деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мадияр Жақсыбаев осылай деді.
Департамент басшысы қала аумағындағы су тасқынының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Шымкентте жыл басынан бері төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі қалалық комиссия екі отырыс өткізді. Жиында берілген тапсырмаларға сәйкес аудан әкімдіктері жауапты қызметкерлермен бірлесіп тұрақты түрде су айдындарына мониторинг жүргізді. Сонымен қатар өзендер мен каналдардағы қауіпті учаскелерге комиссиялық тексерулер ұйымдастырылды. Бір айта кетерлігі, «Қазгидромет» филиалының мәліметі бойынша наурыз айында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болса, сәуірде ауа райы ашық болады деп күтілуде. Сол себепті алаңдауға негіз жоқ, қаладағы су тасқыны жағдайы тұрақты, – деді ол.
Қалада 20-наурызға қараған түні жауын-шашын мөлшері 6 сағат 40 минут ішінде 29 мм құрап, айлық көрсеткіштен асып жауған. Бұл жауын-шашынның салдарын жоюға төтенше жағдайлар департаментінің 117 қызметкері, 30 бірлік техникасы мен 34 мотопомпасы тартылған.