Шымкенттекоронавирус жұқтырғандар санының артуына байланысты қосымша инфекциялық төсек-орындар көбейтілді. Қауіпті инфекцияға шалдыққан науқастардың жағдайы ауыр болғандықтан өлім көрсеткіші артқан, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов баспасөз брифингте мәлімдеді.
Позиловтың сөзінше, жыл басынан бері індет 345 адамның өмірін жалмаған. Зерттеу нәтижесі бойынша коронавирустан көз жұмғандар вакцина салдырмағаны анықталған.
–Қазір 2 149 азамат инфекциялық стационарда ем қабылдауда.Төсек-орын толымдылығы 70 пайыздан асты.Біз науқастарды емдеу үшін қосымша орындар аша береміз. Алайда бұл вирусты жеңу тек медицина қызметкерлерінің қолында емес.Дәрігерлер ауруханаға түскен әр науқастың өмірі үшін соңына дейін күресуде. Бірақ ауыр жағдайда түскен науқастардың өмірін аман алып қалу қиын болуда. Өкініштісі сол, коронавирус жұқтырып көз жұмған науқастар вакцина туралы қауесеттерге сеніп, вакцина салдырмаған. Сондықтан тұрғындарды вакцина туралы жалған ақпаратқа сенбей, екпе салдыруға шақырамыз, - деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, қалада коронавирус жұқтырған 5 752 адам ем қабыдап жатыр. Оның 2 255-і стационарда, 3 497-ы үйлерінде карантин режимінде медицина мамандарының бақылауына алынған.