Шымкентте ЮНИСЕФ-тің алғашқы жастар хабы ашылды

Шымкентте ЮНИСЕФ-тің алғашқы жастар хабы ашылды

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ауласы бүгін ерекше қарбаласқа толы болды. Дүниежүзілік балалар күніне орай мұнда елдегі алғашқы «ЮНИСЕФ Жастары» жастар хабы ресми түрде жұмысын бастады. Университет ғимаратына кіреберісте жиналған жастардың қуанышты қозғалысы, еріктілердің тіркеу үстеліндегі қызу дайындық — бәрі жаңа орталықтың өңірде үлкен серпін беретінін аңғартқандай.

Салтанатты шара басталар алдында алаңды үнсіздік басты. Жетісай ауданында қайтыс болған 9 балаға арналға бір минуттық үнсіздікке жүздеген қатысушы тік тұрып тағзым етті. Көңілге ауыр тиген бұл сәт хабтың басты миссиясы, балалардың қауіпсіздігін қорғау екенін айқындай түсті.

Бірінші болып ОҚПУ ректорының міндетін атқарушы Жанбол Жилбаев көтерілді. Ол хабтың жастар мен университет үшін маңызын атап өтті. Одан кейін мінберге ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар шығып, Шымкентте еліміздегі алғашқы хабтың ашылғанымен құттықтап, халықаралық ұйымның өңір жастарына сенім білдіретінін жеткізді.

Жастар құқықтары жөніндегі комиссия мүшесі Аружан Әлжан да жастардың қоғамдық белсенділігін арттырудағы хабтың рөліне тоқталды.

Жастарға арналған жаңа орталықтың нақты бағыттары сахнадағы презентациялар барысында айқындалды.

ЮНИСЕФ-тің жастарды тарту жөніндегі маманы Ерсаин Қабдрашев жаңа ұлттық бағдарламаның мазмұнын таныстырып, «ЮНИСЕФ Жастары» желілері біріктіретін сандық платформалар мен өңірлік хабтардың байланыс жүйесін түсіндірді.

Ал Шымкент бойынша үйлестіруші Данара Саранова бұрыннан іске асып жүрген жобалар туралы айтып, 600-ден астам жас осы бағдарлама арқылы білім алып, нақты әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жатқанын хабарлады.

Шараның мазмұнын тереңдеткен Шымкенттің экс-омбудсмені, құқық қорғаушы Жаннета Жазықбаева.

“Балаларға қауіпсіз орта құру — тек мемлекеттің міндеті емес, әрбір жастың жауапкершілігі” деген ол буллингтің алдын алу, интернеттегі қауіпсіздікті күшейту, құрдастар арасындағы мейірімділікті насихаттау жолдары туралы айтты.

Университет пен ЮНИСЕФ Қазақстан арасындағы меморандумға екі тараптың ресми өкілдері қол қойды. Бұл — еріктілер дайындаудан бастап, жобалар әзірлеу мен бала құқықтарын қорғауға дейінгі кең ауқымдағы жұмыстардың басталуын білдіреді.

Жас еріктілер, студенттер, қолына дәптер-қарындаш ұстаған белсенділер арнайы бөлмелерді аралап, болашақта өтетін тренингтер, жобалар, шеберлік сабақтары туралы ақпарат алды.

Кеш соңында ЮНИСЕФ Жастар кеңесі ұйымдастырған «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалдық ойыны өтті. Балалар құқықтары мен еріктілік тақырыптарын арқау еткен бұл сайыс жылдам ойлайтын, білімді жастардың басын қосты.

Шымкент қаласында ашылған бұл орталық тек бір ғимарат емес, аймақ жастарының дамуына бағытталған үлкен бастама. Енді Шымкент, Түркістан, Тараз және Қызылорда жастары ортақ платформада бас қосып, жаңа жобалар әзірлей алады.

Өңір жастарының «бірінші хабы» атанған Шымкент орталығы алдағы уақытта Қазақстандағы қалған 5 хабтың үлгілік моделі болмақ.

Шымкентте бастау алған «ЮНИСЕФ Жастары» хабы — балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа толқынның алғашқы қадамы. Ал бұл қадамды жасаған — дәл осы өңірдің жалынды жастары.

“Шымкент келбеті”