Бүгін Шымкентте 2 ойын алаңшасы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Салтанатты іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев, меценат Серік Төлбасов, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Спорт алаңшалары соңғы талаптарға сай салынған, сапалы. Осылайша мұндағы үйлердің балалары мен жастары заманауи, жайлы және қауіпсіз түрде спортпен шұғылдануға жағдай жасалып отыр.
– Құрметті жерлестер! Осы алаңшаларды салып берген кәсіпкер Серік Қарабекұлына қала жұртшылығы, қала әкімдігі атынан алғыс айтамын. Бұл – бүгін ашылатын жалғыз алаңша емес. Текесу елдімекенінде бүгін тағы бір осындай алаңша ашылады. Ал алдағы уақытта Серік Төлбасов қоры Шымкентте 7 спорт алаңшасын ашады. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді Мақсұт Пернебайұлы.
Серік Төлбасов қоры Шымкент қаласы әкімдігінің спорт алаңдарын салу жобасын қолдау мақсатында МЕМСТ талаптарына сәйкес келетін бірнеше спорт алаңшасын салуға 100 000 000 теңге қарастырып отыр. Құрылысты «Ферротекс» ЖШС және «Барс» компаниялары жүргізген.
– Болашақ жан-жақты дамыған жастардың қолында. Сондықтан, біз – бизнес өкілдері, білімді, мәдениетті, салауатты өмір салтын ұстанатын жастарды тәрбиелеуге қол ұшын созып, қолдауымыз қажет. Осындай ұсыныс жасаған Шымкент қаласының әкіміне алғыс айтамыз. Кешенді қысқа мерзімде салып біттік, – деді кәсіпкер Серік Төлбасов.
Жаңа спорт алаңшасында бір мезгілде футбол, фитнес, волейбол, баскетбол сияқты бірнеше спортпен шұғылдануға болады, заманауи еден жабыны бар, қоршалған.
Айта кету керек, Серік Төлбасовтың жеке қоры қала әкімдігінің ұсынысына алғаш болып үн қосқан. Жалпы, Шымкенттегі спорт және ойын алаңшалараның саны 115-ке жетеді деп күтілуде.
Фото: Серік Қосаев