Белгілі кәсіпкер Серік Төлбасовтың қоры Майлықожа көшесі №17 көпқабатты үйдің тұрғындарына жаңа спорттық алаңшасын тарту етті. Мұнда азаматтардың спортпен айналысуы үшін ұзындығы 24 метр, ені 12 метр болатын көпфункционалды спорт алаңы салынған. Одан бөлек, мұнда спорттық құрылғылар орнатылған workout аймағы да қарастырылған. Енді аула тұрғындары жыл он екі ай осы алаңқайларда дене жаттығуларымен айналыса алады.
Салтанатты жиынға қатысқан қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, сондай-ақ Серік Төлбасов қорының директоры Зухра Оразова, TS DEVELOPMENT заң мәселелері жөніндегі директоры Бауыржан Сералин тұрғындар мен жас спортшыларды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, балаларға спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес, қалада көптеген спорт нысандары ашылып, тұрғындар игілігіне берілуде. Бұл бағытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында да бірқатар шағынаудандарда спорт клубтары жұмыс істеуде. Бүгінгі күні бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қалада 115 спорт алаңшасын салу жоспарланған. Оның ішінде 15 спорттық нысан демеушілер есебінен бой көтереді. Серік Төлбасов қорына айтар алғысым шексіз, - деді Мақсұт Пернебайұлы.
Өз кезегінде тұрғындар балалардың уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуге себеп боларлық осындай нысанды салып бергендері үшін демеушілерге алғыс айтып, ризашылығын жеткізді. Ал, жиынға қатысқан балаларға сыйлықтар үлестірілді.