Балалар жылына орай Шымкент қаласындағы Жеңіл атлетикалық манеж спорт кешенінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен жасөспірімдер мен жастар арасында ҚР чемпионаты өтуде. Аталған жарыста еліміздің әр өңірінен келген спортшылар бақ сынасатын болады. Спорттық бәсеке 10 наурызға дейін жалғасады.
Жарыстың ресми ашылуына аты аңызға айналған даңқты палуан Олимпиада жүлдегері, КСРО және әлем чемпионы, күрес спорты түрлерінен ҚР және Азиялық федерацияларының президенті Дәулет Тұрлыханов пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қатысып, жас өрендерге сәттілік тіледі.
— Еліміздің үшінші мегаполисінде балалар спорты дамып келеді. Жан басына қаржыландыру бағдарламасының арқасында 12 мыңнан астам бала бұқаралық спортпен қамтылды. Бұл көрсеткішті алдағы уақытта 15 мыңға жеткізу жоспарда тұр, - деді Мақсұт Пернебайұлы.
Ал жарыстың өтуіне мұрындық болғаны үшін ұйымдастыру комитетіне, қалалық әкімдікке алғысын жеткізген Дәулет Тұрлыханов бұл бәсеке алда болатын Азия және әлем чемпионаттарына іріктеу сыны екенін айтты.