Шымкентте жастар арасында есірткі және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған бейнероликтер мен суреттер байқауы өз мәресіне жетті. «Жастар ресурстық орталығында» өткен шара барысында жеңімпаздар марапатталып, қатысушылардың шығармашылық жұмыстары көрермен назарына ұсынылды.
Іс-шараны Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен «Сергали-Туркестан» аймақтық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Бұл байқау жастардың салауатты өмір салтын насихаттап, қоғамдағы белсенділігін арттыруды, сондай-ақ зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауды мақсат етті.
Шара ұлттық аспаптармен орындалған күй мен дәстүрлі әндермен ашылып, мерекелік би мен музыкалық нөмірлермен жалғасты. Жүргізушілер жастарды өз уақытын тиімді өткізуге, шығармашылық пен пайдалы істерге бағытталуға шақырып, іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Құттықтау сөз сөйлеген Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ақбота Бихожақызы мен «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Жансерік Бауыржанұлы бұл байқаулардың жастарды ойлануға, ізденуге және өз ойын қоғамға дұрыс жеткізуге баулитынын атап өтті.
Биылғы байқауға қызығушылық жоғары болды. 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өткен суреттер байқауына барлығы 122 жұмыс келіп түсті. Қазылар алқасының шешімімен I орынды Темірхан Бақытжан (300 000 теңге), II орынды Мирахимова Олеся (200 000 теңге), III орынды Өмір Аяжан (100 000 теңге) иеленді. Сонымен қатар үш қатысушы ынталандыру сыйлығына ие болып, 100 000 теңгеден марапатталды. Байқауға белсене қатысқан 23 жас суретшіге алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Мобилографтар арасындағы бейнероликтер байқауына 25 жұмыс ұсынылды. Нәтижесінде I орын мен 500 000 теңгелік сыйлықты Серік Жанғалиев, II орынды Мейірхан Абдуталипов (300 000 теңге), III орынды Риана Гавшева (200 000 теңге) иеленді. Марапаттау рәсімі кезінде жеңімпаздардың бейнероликтері экраннан көрсетіліп, қатысушылар мен көрермендер жоғары бағасын берді.
Шара соңында қатысушылар арасында сұрақ-жауап викторинасы өткізіліп, белсенді жастарға сыйлықтар тарту етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шығармашылық байқаулар жастардың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастырып, салауатты өмір салтын дәріптеуге сеп болады. Сондай-ақ бұл бастама жастардың өз көзқарасын бейне мен сурет арқылы білдіруге, қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауға мүмкіндік береді.
«Шымкент келбеті»