Шымкентте өрт қауіпсіздігін сақтау және алдын алу шаралары бойынша брифинг өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі А.Бейсембаевтың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәслихатында Аманбек Алтынбекұлы өрт қауіпті кезеңіндегі өзекті мәселелер туралы баяндады.
– Жыл басынан бері өңірімізде 85 өрт тіркелді. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда өрттердің саны өзгеріссіз. Қайтыс болғандар жоқ. Тіркелгендердің басым бөлігі тұрғын секторда (46%) орын алып отыр. Оның басты себебі: отты абайсыз пайдалану, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, – деді департамент бастығының орынбасары.
Спикердің сөзінше, автокөліктегі өрт оқиғасы 32 пайызды құраған. Бұл реттегі тәжірибе оларды қолдану тиімділігінің төмендігін, жүргізушілердің дұрыс пайдалана алмауын және көліктің ақаулары болғандықтан жарамсыздығын көрсеткен. Орын алған жағдайлар бойынша 40 (15 өрт және 25 жану) жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Брифинг соңында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Ж.Кәрімбаев азаматтық қорғау құлақтандыру жүйесіне республикалық тексеру жүргізілетінін хабарлады.
– ҚР Төтенше жағдайлар министрінің өкіміне сәйкес ағымдағы жылдың 29 маусым сағат 10:00-де құлақтандыру жүйесіне республикалық тексеру жүргізіледі. Оның барысында барлық халықты құлақтандыру құралдары іске қосылады. Өңірімізде тиісінше республикалық және аумақтық деңгейдегі 2 құлақтандыру жүйесі бар. Республикалық деңгейдегі жүйе моральдық және физикалық тұрғыда ескірді. Қазіргі уақытта атқарушы органдармен бірлесіп ескірген жабдықтарды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде, – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары.
Еске сала кетейік, қала бойынша сирено-сөйлеу қондырғыларының саны 85 бірлікті құрайды. Оның ішінде"Марс-Арсенал" маркалы 66 бірлік, "Вестник" маркалы -19 бірлігі бар.