Үшінші мегаполисте жаңа 2021-2022 оқу жылы дәстүрлі форматта басталады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз жиынында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Баспасөз мәжілісінде Жанат Арысбекқызы жаңа оқу жылының басталуы туралы сөз қозғады. Биылғы оқу жылында қалада білім беру ұйымдары 17-ге артып, 785 мекемеде 350 мыңға жуық білім алушымен басталғалы отыр. Оның ішінде 1-сыныпқа 25 005 бала қабылданды. Мектеп табалдырығын аттаған бұл бүлдіршіндерге «Әліппе» оқулығы табысталады. Осы орайда алғашқы қоңырау мерекесі мектеп ауласында өтеді.
Спикердің айтуынша, шаһардағы 30 мыңға жуық педагог пен білім беру мекемелерінің қызметкерлері екпе салдырған. Қарсы көрсетілімі бар 3126 мұғалім анықталған. Дегенмен, қаладағы білім ошақтары жаңа оқу жылына дайын.
– Білім алушы ауырған жағдайда сынып қашықтықтан оқытуға жіберіледі. Науқас және байланыста болған ата-аналар жағдайында балалар қашықтықтан білім алады. Бөгде адамдарға кіруге тыйым салынады. Бір сынып - бір кабинет талаптары сақталады, - деді басқарма басшысы.
Брифингте белгілі болғандай, қаладағы білім ұйымдарында күнделікті термометрия, кварцтау, желдету, дезинфекция және бетперде режимі сақталады. Ал барлық білім ұйымында «Ashyq» жобасы толық іске қосылған.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының мектептеріндегі жалпы компьютер саны – 56 746 дана. Қазіргі таңда қала бойынша мектептерде орта есеппен 1 компьютерге келетін оқушы саны 4-ті құрайды. Ал бүгінде бейнебақылау, турникет және дабыл батырмаларын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, 2021-2022 оқу жылында мектептерді жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында үшінші мегаполисте 263 кабинет, 178 интерактивті тақта (50-физика, 95-химия, 82-биология, 13-STEM, 23-робототехника кабинеттерін) орнату жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтылған пән кабинеттер үлесі 62,5 пайызды құрамақ.