Шымкенттің инвестициялық әлеуеті өңірлік стратегиялық әріптестікті нығайтуға серпін береді

Шымкенттің инвестициялық әлеуеті өңірлік стратегиялық әріптестікті нығайтуға серпін береді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өзбекстандық «Orient Ceramic» және «Azia Metall Prof» компанияларының құрылтайшыларын қабылдады.

Көрші елдің іскерлік орта өкілдерімен өткен кездесуде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері арасындағы стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге көтеріліп, Орталық Азия аймағының қуатты байланысын орнатқандығын атап өтті.

«Хабарларыңыз бар, жақында Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстан Үкімет басшыларының қатысуымен өткен үшінші өңіраралық ынтымақтастық форумында 231 млн. АҚШ долларын құрайтын 7 меморандумға қол қойылды. Онда өнеркәсіп, агроөнеркәсіп және тұрғын үй құрылысы саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру көзделді. Қазір елдеріміздің кәсіпкерлері өзара іскерлік байланыстарды нығайту мүмкіндіктерін қарастыруда. Бұл бағыттағы жұмыстарды «Қазақинвест» Ұлттық компаниясы үйлестіруде. Қазақстан мен Өзбекстанның бизнес өкілдері экономикаға капитал бағыттау, инвестициялық жобаларды іске асыру жолдарын қарастыруда. Қаламыздың өндірістік әлеуетті шоғырландыру тәжірибесі бар. Жаңадан 2 өндірістік аймақ ашылатын болады. Оған қосымша 2 агроиндустриалды аймақтар құрылуда. Экономикамызға капитал құюға дайын жобаларға жан-жақты қолдау көрсету механизмдері белгіленген. Бизнес бастамаларыңыз үшін алғысымды жеткізе отырып, әріптестік байланыстарды жолға қоюға қала әкімдігі әрқашан дайын», - деді М.Әйтенов.


Шаһар басшысы қала экономикасында құрылыс индустриясы маңызды орын алатынын атап өтті. Шығарылатын өнімдер арқылы қаламыздың ішкі сұранысын ғана емес, республика нарығын да толық қамтуға болатынын айтты.

«Былтыр қаламызда 650 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл оның көлемі бір миллион шаршы метрге жетті. Биылдың өзінде 1,6 млн. шаршы метрді құрайтын 275 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүрді. Еліміз бойынша жыл сайын орта есеппен 17 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл көрсеткіштер құрылыс индустриясын алға жылжытуға үлкен мүмкіндіктер ашып отыр», - деп атап өткен М.Әйтенов құрылыс индустриясын ілгерілетудің тиімді жолдарын көрсетті.

Кездесуді қорытындылаған шаһар басшысы, инвесторлардың ынтымақтастықты арттыруға арналған бастамаларын қолдайтынын жеткізді және ежелден көршілес, бауырлас елдердің іскерлік, гуманитарлық, сауда-экономикалық байланыстары жыл санап артатынына сенімін білдірді.