Шымкенттің «Құрметті азаматтарына» төсбелгі табысталды

Шымкенттің «Құрметті азаматтарына» төсбелгі табысталды

Бүгін қала күні мерекесіне орай «МЕРЕКЕҢМЕН, ШЫМҚАЛА!» атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Қала әкімі Мұрат Әйтенов мерекелік жиында қала тұрғындарын бүгінгі мерекемен құттықтап, шаһар үшін елеулі еңбегі сіңген азаматтарға «Шымкент қаласының құрметті азаматы» марапатын табыстады.

– Елбасының тарихи Жарлығына сәйкес, 2018 жылғы 19 маусымда Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала статусына ие болған еді. Одан бері тұп-тура 3 жыл уақыт өтті. Қала күні – өткенді саралап, бүгінді бағалап, ертеңге болжам жасайтын мерейлі мереке. Соңғы 3 жылдың көрсеткіштеріне зер салсақ, бұл көреген шешім қаланың екінші тынысын ашты деп айтуға әбден болады, -деді қала әкімі өз сөзінде.

Шымкент – Республикалық мәртебеге ие болғаннан кейін қала бюджеті 3,6 есеге өсіп, 131,2 млрд. теңгеден биыл 481 млрд. теңгеге жетті. Инвестиция көлемі соңғы үш жылда екі есеге жуық өсіп, 214 млрд. теңгеден биыл 400 млрд. теңгеге жетеді. Қала әкімі 2025 жылға дейін қаладағы негізгі инженерлік инфрақұрылым мәселесі шешіледі. 3 жыл бұрын 402,5 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, биыл бір миллионға жеткізуді жоспарланғанын алға тартты.

–Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарасаңында осындай жетістіктердің берік іргетасын қалаған, Шымқаламызға үнемі қамқорлық көрсетіп отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Шымкент қаласының дамуындағы тарихи рөлін атап өтуіміз қажет. Мемлекет басшысы үшінші мегаполистің қарқынды дамуына қатысты нақты тапсырмалар беріп, биік межелер мен маңызды міндеттерді белгілеп берді. Шымкентті халыққа қолайлы қала ете түсу бағытындағы осынау жасампаз жұмысқа баршаңызды атсалысуға шақырамын. Қаламыздың қарқынды дамуына қосып жатқан үлестеріңіз үшін баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін, – деді шаһар басшысы.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов қаланың дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттап, арнайы төсбелгіні табыс етті. Салтанатты іс-шара одан әрі мерекелік концертке ұласты.