Елбасының бастамасымен қолға алынған «100 жаңа есім» жобасының ІV маусымдағы қорытындысы шықты, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Шымкент қаласы М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Роза Керімбекова аталған респебликалық жобаның жеңімпазы атанды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 адам халық тарапынан көп дауысқа ие болып, топ жарды. Қатысушылар бағдарламадағы білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, бәсекеге қабілеттілік секілді мықты бағыттардың негізінде іріктелді. Жеті бағыт (білім, мәдениет және спорт, медицина, ғылым және инновация, қоғам, бизнес, экология) бойынша дара шыққандарды Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі арнайы құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Роза Аршабайқызы – көптеген республикалық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздарын дайындаған білікті маман. Қазіргі таңда шәкірттерін білім нәрімен сусындатып отырған тәжірибелі ұстаз.
– Қазақстанның кез келген азаматы өтініш бере алатын бұл жобаға Қалалық Білім басқармасының ұсынумен қатыстым. Бірінші кезең дауыс беру бойынша іріктелді. Бастапқыда қобалжулар мен сенімсіздіктер болды. Алайда айналамдағы адамдардың, әріптестерім мен ата-аналардың, БАҚ өкілдерінің қолдауы маған үміт артып, сенім білдіруі нәтиже көрсетіп, келесі кезеңге өттім. Екінші кезең Елордадағы әділқазылардың іріктеуімен қорытындыланды. Ал «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанғанымды естігенде төбем көкке жеткендей болды. 30 жылдық ұстаздық өмірімнің нәтижелі жемісін бере алғанына қуандым. Қолдау көрсеткен жандарға алғысымды білдіремін, – дейді жеңімпаз мұғалім.
Еске сала кетейік, 2017 жылдан бері «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына 7,5 мың адам қатысып, талай талант өз есімімен танылған болатын. Биыл аталған байқауға 3 мыңнан астам адамнан өтініш түскен. Жас шектеуі жоқ бұл жобаның бәсекеге қабілетті азаматтардың біліктілігін шыңдауда үлесі жоғары.
Фото: Самат Мырзалиев