«Үздік педагог - 2020» төсбелгісінің иегері Жадыра Шәбден жуырда жарық көрген ғылыми еңбегінің 100 данасын жергілікті медициналық колледждерге тегін үлестірді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Ұлағатты ұстаз Жадыра Шәбден «Үздік педагог - 2020» республикалық байқауында алған ынталандыру сыйақысына «Бейорганикалық химия» тақырыбында кітап жазып, жариялауға жұмсаған,
Ол шаһардағы медицина колледждерінің кітапхана қорын техникалық білім беру оқу-құралдарымен толықтыруды мақсат етіп, мұндай бастамасы арқылы қоғамның дамуына үлес қосуға ниеттенгенін айтады.
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Адамзат ақыл-ойының жиынтығы-кітапта болса, білім – соны сақтайтын қазыналы сандық» - деген болатын. Бар ғұмырым өскелең ұрпаққа химия, биология пәнінен білім нәрін сусындатуға арнадым. Қаншама методикалық қолданбаларым жарық көріп, «Фармация мамандығына арналған бейорганикалық курсы» атты ғылым туындысына патент алдым. Ендігі мақсатым жастарға кітап сыйлап, оларды білім мен ғылымға баулу, -дейді Жадыра Шәбден.
Сыйға тартылған оқу-құралы медициналық орта арнаулы кәсіби білім беретін оқу орындарының студенттеріне «Бейорганикалық химия» пәні бойынша жүргізген дәріс негізінде әзірленіп, ҚР мемлекеттік жалпыға міндетті білім берудің 2019 жылғы стандартына сәйкес жазылған.
Айта кетсек, қазіргі таңда Жадыра Шәбден А.С.Пушкин адындағы №1 мектеп-гимназиясында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Химия ғылымдарының магистрі. Ол 19 жылдан бері қаладағы медициналық колледждерде химия-биология пәнінен сабақ беріп келген.