Бүгін Хакім Абай музейінде Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен Алматы облысы музейлер бірлестігінің «Тарих пен сөз үндестігі» атты жылжымалы көрмесі ашылды. Шара аясында қатысушылар үшін арнайы экскурсия жүргізілді.
Іс-шара барысында Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова мен Алматы облысы музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов құттықтау сөз сөйлеп, көрменің ресми тұсаукесерін жасады.
Көрме Шымкент қаласы мен Алматы облысының мәдени байланысын нығайту, музей ісін дамыту және шығармашылық ынтымақтастықты арттыру мақсатын көздейді. Экспозицияда қазақ руханиятының көрнекті тұлғаларының өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлер қойылған. Атап айтқанда, туғанына 200 жылдан асқан халық ақындары Сүйінбай Аронұлы мен Үмбеталы Кәрібаевқа қатысты естелік бұйымдар, сондай-ақ мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жеке заттары мен сырт киімдері көрермен назарына ұсынылды.
Көрменің ерекше бөліктерінің бірі – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жеке заттары, қолжазбалары, аудармалары және ақынның өзі киген киімдері. Бұл жәдігерлер келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Шараның негізгі мақсаты – ғасырлар бойы ата-бабамыз көздің қарашығындай сақтап келген рухани құндылықтарды дәріптеу, жастардың бойында ұлттық мұраға деген құрмет сезімін қалыптастыру және музей қорындағы экспонаттар арқылы қазақ ақындарының әлемін жаңа қырынан таныстыру.
Айта кетейік, «Тарих пен сөз үндестігі» көрмесі Хакім Абай музейінде аптаның соңына дейін жалғасады. Қала жастары мен тұрғындары үшін есігі ашық. Бір сәтке уақыт диірменін тоқтатып, өткен ғасырлар тынысын сезініп, ұлт сөзінің биік мұратымен қауышқандай күй кешкіңіз келсе, көрмеге келіңіз
«Шымкент келбеті»