«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – ӨЗ ҚАЛАМЫЗҒА ДЕГЕН ЖАНАШЫРЛЫҚТЫҢ КӨРІНІСІ
Шымкент қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы іс-шаралар жалғасын тапты. Бүгін Абай ауданына қарасты Шымсити шағын ауданында «Таза аула» тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, оған Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері, аудан ардагерлері, «Жасыл ел» еңбек жасақтары, ерікті жастар мен тұрғындар белсенді түрде қатысты.
Жалпы 100-ден астам адам шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларын ретке келтіріп, күл-қоқыстардан тазартты. Абай аудандық коммуналдық мекемесінің жұмысшылары да санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараға қатысқан Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев күнделікті өмірде тазалықты сақтау азаматтардың туған жерге, өз қаласына деген жанашырлығының көрсеткіші екенін айтты. Ол қала тұрғындарын, әсіресе, жастарды экологиялық мәдениетті сақтауға және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шараларға белсенді түрде қатысуға шақырды.
«Шымкент келбеті»