Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Б. Есқараев мәлімдеді.
Бастар Әуелханұлы жаңадан қабылданған аталмыш Заң туралы және оның ел азаматтарына қандай қолайлы жағдай тудыратынын түсіндірді.
– Тексеру жұмыстары бақылау субьектісіне бармай, барып және жоспардан тыс жүргізіледі. Бұл заңның жаңашыл тұсы – бұзушылықтардың уақытылы жолын кесу үшін субъектіге бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізу. Яғни, бұл процестер әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді зерделеу, талдау, салыстыру арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, негізгі жаңалық – субъектілерді қадағалаудан объектілерді қадағалауға көшу (объекті – өнім, субъекті – оған қатысты пайдалану құқығына ие тұлға). Бұл заң аясында өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексеріледі. Осыған сәйкес зертханалық сынақтар жүргізу мақсатында қауіпсіз емес өнімнің үлгілерін іріктеу рәсімі енгізіледі, – деді департамент басшысы.
Жаңа Заңды оқырмандарға жеңіл тілмен түсіндіріп өтейік. Егер отандық нарықта өнімнің қауіпсіз еместігі расталса, Заң жобасымен Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес құқықтық шектеу шаралары көзделген. Нәтижесінде объектіні айналымға шығаруға тыйым салу, алып қою және ҚР аумағынан сыртқа шығарып тастау жұмыстары жүргізіледі. Өнімде техникалық регламенттердің сәйкессіздігі анықталса, алып қою тәсілі қолданылады. Алып қою жұмыстары аумақтық органның бас инспекторы қаулысы негізінде жүзееге асырылады. Ал қаулы енгізілген соң, 3 күн ішінде өнім иесін пайдалану құқығынан айыру үшін іс сотқа жіберіледі.
Айта кетейік, өнім үлгілерін іріктеу, үлгілердің құны және сынақтар жүргізуге арналған шығындар бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Егер өнімнің техникалық регламенттер мен стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына сәйкессіздігі анықталса, барлық шығын тексерілетін тұлғалардың есебінен жүргізіледі.