​Төл өнерді жаңғыртқан шеберлік сағаты өтті

​Төл өнерді жаңғыртқан шеберлік сағаты өтті

Бүгін Шымкент қаласындағы «Қазақ хандығына 550 жыл» алаңында Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен «Ер-тұрманым күмістен» атты республикалық шеберлік сағаты өтті. Ұлттық қолөнеріміздің биік үлгісін паш еткен бұл жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген белгілі шеберлер, өнертанушылар, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты сол, қазақ халқының ер-тұрман жасау өнерін насихаттап, ұмыт бола бастаған көне дәстүрді жаңғырту, сондай-ақ жастардың ұлттық қолөнерге қызығушылығын арттыру және мәдени мұраны сақтау идеясын дәріптеу болып отыр.

Алаңда орнатылған сахна маңында шеберлер ер шабу, былғарымен қаптау, күміспен өрнектеу, қамшы өру сынды ұлттық өнердің қыр-сырымен бөлісіп, көрерменнің көз алдында қолөнердің сан алуан тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Әр өңірден келген шеберлер өз қолдарынан шыққан туындыларын таныстырып, олардың жасалу жолы мен қолданылған материалдары жайлы жан-жақты түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, көрме бұрышында күміспен күптелген ер-тұрмандар, өрме қамшылар, сүйектен, былғарыдан, ағаштан жасалған тұрмыстық бұйымдар мен әшекейлер көпшілік назарына ұсынылды.

Көрменің қадірлі қонақтарының бірі, әйгілі Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің басшысы, белгілі шебер Дәулет Дәркембайұлы болды. Ол өзінің бала кезінен бастап қолөнерге ден қойғанын айта келе, әкесі, қазақтың танымал шебері Дәркембай Шоқпарұлының өнегесін ерекше ілтипатпен еске алды.

«Менің өмірім мен еңбегім осы қолөнермен тығыз байланысты. Әкем де әйгілі қолөнерші болды. Сол кісінің тәлімі мен тәрбиесін көріп өстім. Қазір әкемнің ісін жалғастырып, ұлттық мұрамызды кейінгі ұрпаққа жеткізуді өзімнің парызым деп білемін», - деді ол.

Шебер өз сөзінде көрмеге арнайы бірнеше жәдігерін ала келгенін айтып, олардың тарихы мен ерекшеліктерін таныстырды. «Мына әкелген алғашқы бұйымым – ашамай. Бұл – ердің ерекше түрі. Қазақ халқы ұл баласын 3, 5 немесе 7 жасында сүндетке отырғызған кезде осы ашамайға мінгізетін болған. Оның алдыңғы және артқы қастары биік, екі жағында кертіктері бар. Сол кертіктерге шыбық өткізіліп, балаға екі жағынан қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Үзеңгі болмайды, оның орнына бала аяғын салып отыратын қалташалар тігіледі. Бұл ұл баланы атқа мінуге баулудың алғашқы қадамы болған», дейді ол. Келесі жәдігер ретінде Дәулет Дәркембайұлы көрермендерге «Керей» ерін көрсетті. Оның айтуынша, бұл ер түрі Шығыс Қазақстанның Алтай өңірінде кең тараған. Сол жақта жуан ағаштар аз болғандықтан, шеберлер ерді бірнеше бөліктен құрап жасаған, сондықтан оны құранды ер деп атаған. Ал Алматы өңірінде терек, көктерек секілді ағаштар көп болғандықтан, мұндағы шеберлер ерді тұтас бір ағаштан шауып жасаған екен. «Сондай-ақ, малдың терісі мен сүйегінен жасалған көне бұйым түрлерін де әкелдім. Мысалы, ерте кезде сүт сақтауға арналған қауға, сусын құятын торсық, ал қымбат фарфор кеселерді сындырып алмау үшін қолданылған кесеқап бар. Мұның бәрі халқымыздың тұрмысында маңызды рөл атқарған. Ал мына алты өрім қамшының сабы сиырдың мүйізінен жасалып, өрімі тобылғыдан өрілген. Қамшы сабындағы бүркіт пен жылқының басы бейнесі бар. Бұл – қазақ рухының символы», - деді шебер. Оның айтуынша, бір ер-тұрманды толық жасап шығу тәжірибеге байланысты бір айдан үш айға дейін уақыт алады. Бағасы қолданылған материал мен безендіру деңгейіне қарай әртүрлі. Кейбірі алтын, күміс, асыл тастармен көмкерілсе, енді бірі қарапайым тұрмыстық үлгіде жасалады.

«Жақында жасаған бір ер-тұрманды осы көрмеге ала келемін деп едім, бірақ көрмеге дейін сатылып кетті. Бұл халықтың ұлттық бұйымдарға деген қызығушылығының артқанын көрсетеді», - дейді ол.

Іс-шара барысында көрермен алдында белгілі қолөнер шебері Құрбанәлі ата ат ерттеу өнерін кезең-кезеңімен түсіндіріп берді. «Ат ерттеу бұрын бүкіл қазақ баласы білетін дәстүрлі іс еді. Бірақ қазір оны екінің бірі біле бермейді», - деді ол.

Шебер атқа ер салу рәсімін бастан-аяқ көрсетіп, әр жабдықтың қызметін егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның айтуынша, ең алдымен атты тарайды, содан кейін терлік салынады. Терлік – атты терлетіп, тоқымға тер сіңіп қалмауы үшін төселетін жабдық. Оның үстіне тоқым, желдік, содан соң ер қойылады. Қазақта ердің отыздан астам түрі бар. Бұл қазақ шеберлерінің ерекше талғамы мен өнерінің дамығанын айғақтап береді екен. Үзеңгінің тарихына да тоқталған шебер «Үзеңгі біздің дәуірдің IV ғасырында Еділ патша заманында пайда болған. Еуропада атқа міну үшін биік жерге шығатын болса, қазақтар үзеңгінің арқасында атқа оңай мініп, ұзақ жолда да шаршамай отыра алған. Тіпті кейде соғыс кезінде үзеңгі қару ретінде де пайдаланылған», деді ол. Шебер көрерменге ердің құрылымын да егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. «Ердің алдыңғы және артқы қасы, қапталы, керсені бар. Әр бөлшегі ат үстіндегі адамның қауіпсіздігі мен сәнін қамтамасыз етеді. Ал құйысқан мен өмілдірік ердің орнын сақтап, аттың қозғалысы кезінде тұрақтылық береді. Бұрын батырлар соғысқа шығарда бір-біріне «Құйысқаныңды қаттырақ тарт!» деп ескерткен. Бұл тәжірибеден туған сөз», - деп түсіндірді Құрбанәлі ата.

Көрермендер шебердің әр қимылын қызыға тамашалап, ұлттық өнердің терең мазмұнына қанықты. Іс-шара соңында сахнада халқымыздың ұмыт бола бастаған көне дәстүрлері ат ерттеу, үзеңгінің астынан өткізу, тоқым қағар рәсімі және көкпардағы ер жігіттің ептілігі көрініс тапқан сахналық қойылым көрсетілді. Сонымен қатар, ұлттық ойындардан аударыспақ, асық ату және арқан тарту ұйымдастырылып, көрермендер рухты әндер мен күйлерге куә болды.

Бүгінгі іс-шараның мәні ерекше. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен жаңғырту басты міндеттердің біріне айналып отыр. Осы орайда қазақтың ұлттық бұйымдары мен өнерін паш ету маңызды бола түсті. Соның ішінде ат пен азаттықты егіз ұғым санаған қазақ халқы үшін ер-тұрман – жай ғана ат әбзелі емес, қазақ халқының мәдени коды, ерліктің, сұлулық пен салтанаттың белгісі. Осындай шеберлік сабақтары арқылы ұлт рухын көтеріп, жастарды ата-баба өнеріне баулудың мәні зор.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»