Қала әкімі Токио Олимпиадасына жолдама алған шымкенттік спортшыларды қабылдады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Биыл 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтетін 32-ші жазғы Олимпиада ойындарына Шымкенттен спорттың 7 түрі бойынша 11 спортшы қатысады.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов лицензия иегерлері мен олардың жаттықтырушыларына алдағы жарысқа сәттілік тілеп, жеңіспен келулеріне сенім білдірді.
– Спорт - бұл елдің беделі мен абыройына жұмыс істейтін сала. Тәуелсіздік жылдарында біздің спортшылар бірнеше рет ірі халықаралық жарыстарда жеңіске жетті. Осы жеңістердің құрметіне Қазақстанның туы мақтанышпен көтерілді. Спортшыларымыз - біздің мақтанышымыз. Біз сіздердің әрқайсыңыз үшін жанкүйер боламыз. Сіздердің жеңістеріңізге сенеміз!- деген шаһар басшысы ақ жол тілеп, спортшыларға ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады.
Айта кетсек, Шымкенттен стенд атудан - Сарсенкул Рысбекова, Кравченко Зоя; оқ атудан - Юрий Юрков; каратэден - Дархан Асадилов, Софья Берульцева, Данияр Юлдашев; бокстан - Закир Сафиуллин; көркем гимнастикадан - Алина Адилханова; байдарка және каноэден - Сергей Емельянов, Тимофей Емельянов; дзюдодан - Галбадрах Отгонцэцэг қатысады.
Сонымен бірге Игорь Лигай Халықаралық күрес федерациясы тарапынан 32-ші жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін таңдалды. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Олимпиада санатындағы төреші, әлемнің 50 үздік төрешілерінің құрамына кірді.