Шымкентте тозығы жеткен үйлер түбегейлі жаңарады. Бұл үшін қазір ірі құрылыс компанияларымен келіссөздер жүргізілуде, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Жөндеуден өтетін үйлер қала орталығында орналасқандықтан инвесторлар қызығушылық білдірген.
Реновация бағдарламасы қала әкімінің қаулысымен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бекітілді. Аталған бағдарлама бойынша жыл соңына дейін тұрғындардың келісімі алынатын үйлердің тізбесі анықталып, іске асыру көзделген.
Оны жүзеге асыру үшін «Bi Group», «Otau Group» және өзге де ірі құрылыс компаниялармен келіссөздер жасалуда. Бағдарлама инвесторлар арқылы азаматтық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Реновациялық бағдарламасын жүзеге асыру барысында меншік иесінің мүлкін реквизициялау кезінде оның құны толығымен өтелу арқылы немесе жаңадан салынатын үйлерден ауданы бірдей үй-жайлар берумен қамтамасыз етіледі.
Техникалық тексеру нәтижесінде реновация бағдарламасына тозығы жеткен 107 тұрғын үй енгізілген. Оның ішінде Абай ауданында – 56 , Әл-Фараби ауданында – 43, ал Еңбекші ауданында – 8 тұрғын үй бар.