Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек осылай деп мәлімдеді. Жиында ауданда 2021 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндалды.
– Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында аудан әкімдігінің аппаратында Open Space форматында жұмыс істейтін «Ашық әкімдік» кеңсесі құрылған. Онда күнделікті аудан тұрғындары қабылданып, талап-тілектері тіркеледі. Сонымен қатар уақыт үнемдеу мақсатында әлеуметтік желілердегі аудан әкімдігінің аккаунттарында, Whats Upp арқылы да талап-тілектер қабылданады. Осылайша бір жылда аудан тұрғындарынан 623 сұрақ түсіп, олардың барлығына жауап берілді. Оған қоса I-komek бірыңғай байланыс орталығы арқылы түскен 811 өтініш қанағаттандырылды, – деді Досбол Күздікбайұлы.
Аудан әкімінің айтуынша, тұрғындардың 94,4 пайызы ауызсумен қамтылған. Қалған 3,6 пайызына жататын жаңа құрылыстағы учаскелерді ауыз сумен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Электр жарығымен қамтылу көрсеткіші 96,5 пайызды, ал табиғи газбен қамтамасыз ету үлесі 86,4 пайызды құрайды. Коммуналды инфрақұрылыммен қалған абономенттерді қамту мақсатында қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Жалпы, Шымкенттің өндірістік ауданы саналатын Еңбекші ауданының аумағы – 20 660 гектар, 311 мыңнан аса тұрғыны бар. Екі индустриалды аймақ, бір арнайы экономикалық аймақ орналасқан ауданға 19 шағынаудан және Сайрам, Төлеби аудандарынан қосылған 16 тұрғын алабы қарайды.