ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ ШЕБЕРЛЕРІ ШЕБЕРЛІК САҒАТЫН ӨТКІЗДІ

ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ ШЕБЕРЛЕРІ ШЕБЕРЛІК САҒАТЫН ӨТКІЗДІ

Шымкентте өткен «MIRAS» халықаралық түркі сәндік этнодизайнерлер форумының екінші күні шеберлік сағатымен жалғасты. Түркі әлемінің қолөнері мен сәндік мұрасын жаңғыртуға бағытталған басқосу жоғары деңгейде өтті. Шеберлік сағатына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркиядан келген этнодизайнерлер мен қолөнер шеберлері қатысып, өзара тәжірибе алмасып, көне өнерді жаңаша форматта дамыту жолдарын талқылады.

Қатысушылардың ортақ пікіріне сүйенсек, бұл шара — тек сәндік өнер мамандары үшін ғана емес, жалпы түркі халықтарының ортақ рухани құндылықтарын дәріптейтін маңызды алаң. Өзбекстаннан келген белгілі этнодизайнер, «Guliston Dizayn Lyuks» компаниясының құрылтайшысы әрі директоры Дильдор Рузметова форумның маңызын ерекше атап өтті.

- Түркі халықтарын байланыстыратын қолөнердің терең тамыры бүгінгі дизайнерлерді бір арнаға тоғыстырып отыр. Бұл — өте маңызды шара. Біз көне қолөнерді, ою-өрнектерді қайта жаңғыртып, жастарға үйретуіміз керек. Бұл тек сән емес, бұл — түркі халықтарының тарихи және мәдени мұрасы. Құрақ (құрамыш) секілді дәстүрлі өнер түрлерін ЮНЕСКО-ға материалдық емес мәдени мұра ретінде ұсыну қажет деп ойлаймын. Бізді біріктіретін ортақ өнер түрлері өте көп, — деді ол.

Форум шеңберінде өткен шеберлік сағаттары да қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Көне белдік жасау өнерін меңгерген шебер Берік Болатұлы ер азаматтардың белдіктерінің үш түрге бөлінетінін түсіндіріп, әрқайсысының ерекшелігін көрсетті.

- Күнделікті тағылатын белдіктер жеңіл әрі аз әшекейлі келеді. Әскери және аңшылық белдіктер бірнеше бөлікке бөлініп, қылыш, қорамса, оқшантай ілуге арналған арнайы құрылымдармен жабдықталады. Ал, ең сәндісі — салтанатты шараларға арналған белдіктер өңірлердің ою-өрнегімен көмкеріліп, түрлі әдіспен жасалады. Қазіргі таңда белдіктерге сұраныс жақсы. Көп кісілер оны ұрпаққа мұра ретінде қалдыру мақсатында тапсырыс береді. Форум бізге өз өнерімізді көрсетуге ғана емес, шетелдік дизайнерлермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп отыр, — деді қолөнер шебері.

Шетелдік дизайнерлердің ішінде, әсіресе Әзербайжан мен Өзбекстан шеберлерінің туындылары көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Қырғызстаннан келген дизайнерлердің миниатюралық кестелері де форум көрмесінің көркін ашты. Түркі елдерінен келген шеберлердің шығармашылық ұқсастықтары мен айырмашылықтары, географиялық ерекшеліктерге байланысты өрнек пен стильдің өзгеруі — шеберлік сағатының басты тақырыбы болды.

Шараға қатысушылар, мұндай басқосуларды тек Қазақстанда ғана емес, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия секілді бауырлас елдерде де өткізу қажеттігін жеткізді. Өйткені алыстағы ауылдар мен қалаларда өз өнерін таныта алмай жүрген шеберлер көп, ал мұндай халықаралық алаң олардың еңбегін кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.

«Шымкент келбеті»