Жастар ресурстық орталығында «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы өтті. Үздік жобалар байқауы белсенді, шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға, жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын қолдауға бағытталған.
Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ақбота Оспан жеңімпаздарды құттықтап, жобаға жылдан жылға қызығушылық артып келе жатқанын айтты.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында биыл 6 жеңімпаз анықталып, әрқайсысы 1 000 000 теңгеден иеленді. Байқауға барлығы 84 азамат қатысып, өз жобалары мен идеяларын ұсынды. Байқау Мәдениет, Ақпараттық технологиялар, Медиа, Ғылым, Волонтерлік және Бизнес бағыттары бойынша өтті.
Азаматтық ұстанымы белсенді жастар барда еліміз одан әрі дами түсетініне сенім мол. Жастар - ел болашағы.
Айта кетсек, жобаның басты мақсаты – тәуелсіз еліміздің жас буынын қолдау, олардың шығармашылық, ғылыми және әлеуметтік әлеуетін дамыту, сондай-ақ, жастардың қоғам өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік жасау.
Жастардың жаңа идеяларын жүзеге асыруға серпін беріп, елдің дамуына үлес қосатын жас көшбасшыларды анықтау.
«Шымкент келбеті»