Тәуелсіздіктің 30 жылдығында 30 бүлдіршіннің тұсауы кесілді

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында 30 бүлдіршіннің тұсауы кесілді

Бүгін «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» қарсаңында Шымкентте 30 бүлдіршіннің тұсауы кесіледі, - деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі

Жас бүлдіршіндердің тұсауын Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова, «Түркістан» сарайының директоры Сәкен Майғазиев, Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы, айтыскер ақын Біржан Байтуов Опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры Уалибек Әбдірайымов сынды елге сыйлы, белгілі азаматтар кесті.

Тұсаукесер рәсімінен соң шаһар басшысы бүгінгі бүлдіршіндердің ертең ел болашығы боларына сенім білдіріп, балаларға ақ жол тіледі.

- Бүгін балаларымыздың мерекесі қарсаңында, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 30 бүлдіршіннің тұсауын кестік. Осыдан кейін балаларымыздың болашаққа деген қадамы нық балып, еліне қызмет етер азамат болады деп сенемін, - деді Мұрат Дүсенбекұлы.

.

Бұл шараға жас білдіршіндердің ата-аналары да үлкен үмітпен келген. Есімі ел аузында жүрген азаматтардың өз баласының тұсауын кестіріп, сол тұлғалардың жолын берсін деп жақсылыққа балап жүр. 70 жасқа келгенде алғашқы немересін көрген Өтегүл апа да бүлдіршінін қолына алып, бүгін тұсауын кестірді.

- 8 айлық Лашын немеремінің тұсауын бүгін белгілі әнші Сәкен Майғазиевке кестірдім. Өзім әндерін сүйіп тыңдап жүремін. Өзі сыпайы, иманды, ата-анасын құрметтеп қолында ұстап жүрген Сәкендей сәнді де сыпайы қыз болсын деп сол кісіге қызымның тұсауын кестірдім, - деді Ораскүл Жарқынқызы.

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырған шара «Тәуелсіздік» саябағы жанындағы «Symqala» этноауылында өтті.

Тұсаукесер рәсімі - халық дәстүріне сүйене отырып жасалды. Тәй - тәй басқан бүлдіршіндердің қадамы құтты, өмір жолдары жарқын болсын!