Шымкент қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясындағы іс-шаралар жалғасын табуда. Бүгін Абай ауданына қарасты Ынтымақ шағын ауданында, әуежай аумағында тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, оған «Жасыл ел» еңбек жасақтары, ерікті жастар мен тұрғындар, аудан әкімдігінің және әуежай қызметкерлері белсенді түрде атсалысты.
Іс-шараға қатысушылар әуежай аумағын ретке келтіріп, қоқыс жәшіктерін сырлау, ағаштарды әктеу, шөп ору жұмыстарын жүргізді.
Аудан әкімінің орынбасары Мейіржан Ажедин күнделікті өмірде тазалықты сақтау азаматтардың туған жерге, өз қаласына деген жанашырлығының көрсеткіші екенін айтты. Ол қала тұрғындарын, әсіресе, жастарды экологиялық мәдениетті сақтауға және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шараларға белсенді түрде қатысуға шақырды.
Шымкент қаласының әуежайы стратегиялық нысан болғандықтан, мұнда тазалықты сақтау, қаланың көркін арттырудың маңызы зор. Қалаға келетін қонақтар да жақсы әсер алу үшін аталған аумақта тазалыққа ерекше көңіл бөлу қажет.
Сондай-ақ, аудан аумағындағы Асар шағынауданында да тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды.
«Шымкент келбеті»