Университет ұжымы чемпиондарға құрмет көрсетті

Университет ұжымы чемпиондарға құрмет көрсетті

Шымкенттегі Орталық Азия инновациялық университетінде спортта жетістікке жетіп, Қазақстан, Азия, Әлем чемпионаттарында топ жарған ел чемпиондары мен жүлдегерлері бас қосты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған кездесуде университет басшылығы студенттер мен жоғары оқу орнының түлегіне құрмет көрсетті.

Жиында сөз алған университет ректоры Акмалдин Ажидинов Тәуелсіздікке қол жеткізгелі ел спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымызды асқақтатып жүргенін, оның ішінде университет мақтаныштары барын айтты. Сондай-ақ, басқосуға жиналғандарды Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтап, түрлі спорттық сайыстарда бақ сынап жүрген университет студенттеріне оқу грантын ұсынды. Ал аталған жоғарғы оқу орнының түлегі Токио олимпиадасының қола жүлдегері, Белградта өткен бокстан Әлем чемпионатының чемпионы Сәкен Бибосыновқа 1 млн теңгенің сертификатын табыстады.

Кездесу барысында Грецияда (Родос) өткен Шахматтан әуесқойлар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Зейнеп Султанбек, 70 кг салмақ дәрежесінде Армрестлингтен (қол күрес) (Румыния) Бухарестте өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Абзал Желдібайұлы, Кикбоксингтан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Италияда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Батырхан Қуандықов, ММА аралас жауынгерлік жекпе-жегі бойынша ел чемпионы және 2022 жылдың қаңтар айында БАӘ өтетін әлем чемпионатының жолдамасын жеңіп алған Бақдәулет Мырзабеков спорт саласындағы жетістіктерін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.