​Wizz Air компаниясы Түркістанда әуе рейсін ашуға ниетті

​Wizz Air компаниясы Түркістанда әуе рейсін ашуға ниетті

Венгерлік Wizz Air лоукостері "Әбу-Даби – Алматы" мен "Әбу-Даби – Нұр-Сұлтан" және Түркістан қаласына арнайы рейстер ашуға қызығушылық тынытып отыр, деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Бұл туралы ҚР премьер-министрі Асқар Мамин мен WizzAir әуе компаниясының бас атқарушы директоры Джозеф Варадидің кездесуі барысында cөз етілді.

Варади премьер-министрдің биылғы наурыз айындағы БАӘ-ге сапары аясында қол жеткізілген "Әбу-Даби – Алматы" және "Әбу-Даби – Нұр-Сұлтан" бағыты бойынша WizzAir-дың тұрақты жолаушылар әуе тасымалын бастау туралы уағдаластықтың іске асырылу барысын баяндады.

Сонымен қатар тараптар халықаралық бизнес және туристік қоғамдастық қызығушылық танытып отырған Түркістан, Алматы және Қазақстанның басқа да қалаларына WizzAir әуе рейстерін ашу мәселесін талқылады. Сондай-ақ аймақтағы және әлемдегі аса перспективалы сауда бағыттары бойынша әуе жүк тасымалын ұйымдастыру туралы сөз қозғады.

Айта кетейік, WizzAir компаниясы – Орталық және Шығыс Еуропадағы ең ірі бюджеттік әуе тасымалдаушы.

2020 жылы компанияның жолаушылар айналымы 40 миллион адамды құрады, ал кірісі – 2,8 млрд еуро. Еуропаның 47 еліне және одан тыс жерлерге 900 бағыт бойынша бюджеттік әуе рейстерін орындайды.