Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ерекше балалардың арманы орындалды

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ерекше балалардың арманы орындалды

Шымкенттегі әкім орынбасарлары мен басқарма басшылары Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балаларды тосынсыймен қуантты. Қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханаға жиналған ерекше балалар Аяз атаға жазған хатындағы сыйлықтарын әкімдік қызметкерлерінен алды.

Қаладағы кітапханаларда бастау алған «Сиқырлы арман» атты қайырымдылық акциясында қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен бірақатар басқарма басшылары өз қаржысына мерекелік сыйлықтар таратты. Іс-шарада балалар Аяз ата мен қонақтарға тақпақтарын айтып, арнайы кітапхана оқырмандарын жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Ал Аяз ата мен Қаршақыз балаларға сыйлықтарды үлестірді.

– Жаңа жыл мерекесін балалар аса тебіреніспен күтеді. Себебі балалар Жаңа жылда арман-тілектерін хатқа түсіріп, Аяз атаға жолдап жатады. Мен де кішкентай кезімде осындай балалар секілді Аяз атаға хат жазып, түрлі тәттілер мен ойыншық сұрайтынмын. Ал бүгінде Аяз атаның орнына бір сәт біз ендік. «Сиқырлы арман» акциясында белсенділік танытқан әріптестеріме алғысым шексіз. Мұндай қайырымдылық шаралары әрине жалғасын табуы тиіс. Өйткені мереке мерейін мейірім өсіреді, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.


Қайырымдылық акциясында басқарма басшылары балалар хатта сұраған түрлі сыйлықтарын тарту етті. Арнайы кітапханадағы өтіп жатқан акцияға «Ақбота» ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған бөбекжай мен «Үміт» мектеп-интернаты, «Қазақ соқырлар қоғамынан» 18 баладан хат түскен.