Алдын-ала жасалған болжам бойынша Шымкент қаласында 1млн 200 мыңдай халық тұрады. Ал бүгінгі күнге дейін мегаполисте жалпыұлттық санақтан 1106637 адам өткен. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков пен Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Сырым Мәдиев ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Осы орайда қала әкімінің орынбасары санаққа қатысу өте маңызды іс екенін айтты.
– Өйткені қаланың дамуына қарастырылатын бюджет қаражаты адам санына қарай бөлінеді. Бірнеше пайыздың өзі миллиардтаған теңгенің аз бөлінуіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан әрбір азамат санаққа түгел қатысуы керек, - деді Е. Білісбеков.
Өз кезегінде Ұлттық статистика бюросының өкілі С. Мәдиев санаққа әлі ілінбеген тұрғындар "1446" бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, санақшыларды шақыртуына болады. Немесе E-Gov порталы мен Aitu мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрінде өте алады.
Айта кету керек, 2021 жылдың 1 қыркүейгінен басталған жалпыұлттық халық санағы 30 қазанда аяқталады. Бұл Тәуелсіздік аясында қолға алынған үшінші жалпыұлттық санақ болып отыр.