ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша жергілікті инвесторлармен кездесу өткізді.
Онда орталық басшысы кәсіпкерлерді жатақхана мен жеке меншік мектептер салып, мемлекет ұсынып отырған қолдауларды мүмкіндігінше өз мақсатына пайдалануға шақырды. Сондай-ақ ол қала кәсіпкерлеріне әлеуметтік нысандар бойынша қаржы төлеудің жолдары мен жан басына қаржыландыру бағдарламасының пайдасы жөнінде түсіндіріп өтті.
— Бүгінгі таңда инвестор жатақхана салса, әр орынға 374 мың теңге, ал ғимаратты жаңғыртса, 144 мың теңге төленеді. Төлем айлық есептік көрсеткіш бойынша есептеледі, сондықтан оның бағасы да нарыққа қарай өсіп отырады. Егер кәсіпкердің құрылысқа қаражаты жетпесе, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау» қоры арқылы несие алуына болады. 15 пайызбен алынған несиенің 9 пайызы мемлекет есебінен субсидияланады. Мәселен 500 орындық жатақханаға инвестор бір жылда мемлекеттен 186 млн. теңге алады. Төлем 8 жыл бойы жүргізіліп, нәтижесінде төленген қаражат 1 млрд. 750 млн. теңгені құрайды. Мемлекет қаражатын алу үшін бірнеше шартты орындау қажет. Ол алдымен жердің болуы, содан соң құрылыс нысаны кәсіпкер есебінен салынады, ғимараттың нысаналы мақсаты кемінде 20 жыл өзгермеуі тиіс және инвестор «қаржы орталығымен» ешқандай тендерсіз келісімшартқа отыра алады, - деді Алпамыс Айдарұлы.
Орталық басшысы пандемияға байланысты қаржы төлеу заңнамасына тиісті өзгерістулер енгізілгенін жеткізді. Яғни, егер студенттер онлайн оқуға көшсе де инвесторға құрылыс жобасында көрсетілген орын санына қарай қаражат төлене береді.
Сонымен бірге А.Сатыбалдин инвесторларға бүгінгі таңда қонақүй салу тиімсіз бизнеске айналғанын, оның орнына жатақхана, мектеп секілді әлеуметтік нысандарға қаржы құю мол табыс әкелетінін баяндады. Оның айтуынша, керісінше қонақүй, хостелге қаражат жұмсаған кәсіпкерлер шығын көріп, нарықтан «шығып» қалуда.
Ескере кетер бір жәйт, салынған нысан кейін кәсіпкердің жеке меншігінде қалады. Сондықтан ол ғимарат құрылысын сапалы жүргізуге тырысатыны анық.
— 2000 жылдары елімізде «бейби бум» болды. Соның нәтижесінде бүгінде Қазақстанда бала саны көп. Жан басына қаржыландыру жобасы бойынша жеке мектеп салғандарға да қаражат беріледі. Оның көлеміне келсек, амортизациялық шығындарға, яғни жаңа ғимарат тұрғызса әр оқушыға 96 АЕК немесе 294 мың теңге, ескі ғимаратты жаңғыртса 144 мың теңге төленеді. Өз кезегінде операциялық шығындар бойынша әр оқушыға кәсіпкер мемлекеттен ең кемі 532 мың теңгеден алып отырады. Сонымен бірге ғимарат салынып болған соң, Ұлттық білім беру деректер базасында тіркелуі шарт. Мектеп құрылысына қызығып жатқан инветорлар көп. Соның арқасында жоспарланған 45 мектептің орнына 165 орта білім беру ошақтары салынды, - деді Алпамыс Айдарұлы.
Спикер 165 мектептің 20-сы Шымкент қаласына тиесілі екенін айтты. Сонымен бірге, үшінші мегаполисте 20 мыңнан астам оқушыға жаңа мектеп салу қажеттігі туындап отырғанын атап өтті. Жиын соңында А.Сатыбалдин алдағы уақытта жан басына қаржыландыру бағдарламасы арқылы жоғарыда аталған мәселелар өзінің оң шешімін табатынына сенім білдірді.