Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов шымкенттік жасампаз да білгір жас ұрпақ өкілдерімен жүздесті. Өрелі де өміршең істердің бастауында тұратын жастармен басқосу табиғат аясында еркін форматта өтті.
Мұратжан Шүкірханұлы мегаполис жастарының барлық салада белсенді екенін айта келе, білім мен тәрбие бірінші орында тұрса, еліміз озық мемлекеттердің қатарынан көрінетінін тілге тиек етті.
— Басты мақсатымыз — қала жастарымен емін-еркін кездесіп, түрлі бағыттағы мәселелер мен ұсыныс пікірлеріңізді тыңдау. Озық ойлы,тың идеясы бар жаңашыл жастармен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді сөз басында М. Шотанов.
Кездесу барысында орта арнаулы оқу орындарының бітіруші мамандық иелеріне мемлекеттік бағдарламалар, жеке кәсіпкерлік, жастарды жұмыспен қамту, тұрғын-үй және білім саласында толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде әңгімелер өрбіді.
Жастар басқосуда өз ойларын бүкпей, ашық әңгімелесті. Олар спорт саласында жетістікке жеткен жастарға қолдау көрсетуге, пікір-сайыс орталықтарын жандандыру жүйесін қолға алу, жастарға арналған газет-журналдар мен әлеуметтік желілердігі ақпараттандыру жүйесін дамыту сынды тың жобалар мен ұсыныстарын айтты.
Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы белсенді жастардың әр ой-пікірі мен ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдады.
Мұратжан Шүкірханұлы Шымкентті еліміздегі ең көрікті, инфрақұрылымы дамыған қала қатарына қосу бағытындағы жұмыстарға жастарды бірлесе әрекет етуге шақырып, «өз қаламыз үшін жанашырлық танытып, айтқан ұсыныс-тілектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Мегаполисті дамыту жолында әрі қарай да сіздердің осындай белсенді болатындықтарыңызға сенімдімін» деді.