Шымкент қаласында Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасы аясында жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың ғылыми жобалар конкурсы өтіп жатыр. Үш күнге созылған бұл ауқымды іс-шара бүгін №152 мектептің базасында ұйымдастырылды.
Қаланың шалғай шағынаудандарынан бастап орталықтағы іргелі білім ордаларына дейінгі 180 мектептен 2600-ден астам жоба қабылданып, антиплагиат жүйесінің сүзгісінен өткен 1200 жұмыс қана негізгі кезеңге жіберілген. Қатысушылардың көптігі ғана емес, олардың ізденісінің тереңдігі мен ғылыми деңгейінің жоғарылауы биылғы конкурстың ауқымын айқындай түсіпті.
Шымкент қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығының Дарынды балаларды анықтау және қолдау бөлімінің басшысы Үміт Бердімұратова бұл іс-шараның маңызына тоқталып: «Конкурс арқылы дарынды оқушыларды анықтап, олардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру және шығармашылық әлеуетін дамытуды мақсат етіп отырмыз. Биыл қала мектептерінен жүздеген команда қатысып отыр. Осының өзі Шымкенттегі білімнің, ғылымға деген ынтаның артып келе жатқанын көрсетеді», деді.
Биыл үш күнге созылған 8-11 сынып оқушыларының ғылыми жобалар конкурсының алғашқы күні – 470, екінші күні – 430, финалдық күні – 300 жоба қорғалып отыр. Антиплагиат жүйесінен өтпеген жұмыстар бұл кезеңге жіберілген жоқ. Ең үздік жобалар тестілеу кезеңіне жолдама алса, ал бұл кезеңнен өткендері республикалық байқауға жіберілмек. Оқушылардың жұмыстарын әділ әрі объективті бағалау үшін жоғары оқу орындарының оқытушылары мен тәжірибелі педагогтерден құралған қазылар алқасы шақырылған. «Конкурс академиялық адалдық қағидаларын толық сақтай отырып өткізіліп жатыр. Қаладағы білім беріп жатқан орта білім ұйымдарының қатарынан шыққан көптеген жоба жылда алдыңғы қатардан көрініп, тіпті қала дамуының нақты бағыттарына енгізіліп келеді.
Қазылар алқасының мүшесі, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-дың биология және география кафедрасының аға оқытушысы Салтанат Арыстанова конкурстың білім саласындағы рөлін ерекше атап өтті. «Бұл конкурс жылда қаламыздың білім әлеміндегі ең маңызды іс-шараларының біріне айналды. Биыл ұсынылған жұмыстар арасында қаланың дамуына үлес қосатын, практикалық маңызы бар жобалар көп. Айталық, былтыр қорғалған қоқыстан биогаз өндіру жобасы бүгінде университет зертханасында жалғасын тауып, үлкен ғылыми жобаға айналып келеді», деді ол.
Ғылыми жобаларға көз жүгіртсек, биыл жасанды интеллектіні экология, биология және энергия салаларына қолдануға бағытталған жұмыстар ерекше көп. Оқушылар ауыз суды тазарту, микробтық отын элементтерін жасау, жел энергиясын сақтау, суды қайта өңдеу сияқты күрделі процестерді автоматтандырудың тиімді жолдарын ұсынған. Бұл бүгінгі мектеп оқушыларының ғылыми ой-өрісі қандай деңгейге көтерілгенін айқын көрсетіп берсе керек.
Конкурста ерекше көзге түскен және көпшілік назарын аудартқан жобалардың бірі – фитнес индустриясындағы қауіп-қатерді азайтуға бағытталған табиғи стероид жасау ғылыми жұмысы назарымызды бірден аударды. Бұл тың бастаманы «Дарын» мамандандырылған мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрәділ Сабденов ұсынған екен. Синтетикалық стероидтар адам ағзасына зор зиян келтіретіні белгілі. Мәселен, жүрекке салмақ түсіреді, бауыр қызметін әлсіретеді, гормондық жүйені бұзады, ал 35-40 жастан асқанда бұл қауіп тіпті күшейе түседі. Осы мәселені шешу жолында Нұрәділ табиғи өсімдіктердің экстраты арқылы зиянсыз стероид алудың тиімділігін зерттеген.
Зерттеу жұмысы үш ғылыми орынның базасында жүргізіліпті. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің зертханасында химиялық талдаулар жасалса, №2 Оқушылар сарайында қосымша зертханалық тәжірибелер орындалған. Ал табиғи стероидтің физикалық әсері қалалық фитнес орталығында бақыланған. Оқушы үш түрлі өсімдік құрамын дәлдікпен өлшеп, олардың қасиеттерін жеке-жеке зерттеген. Үш өсімдік бұлшықеттің өсуін табиғи жолмен ынталандырып, гормон тепе-теңдігін реттейді. Бұдан бөлек, төзімділік пен күштің тұрақтылығын арттырады екен. Алдымен экстракт тышқандарға сынақ ретінде беріліп, олардың белсенділігінің артқаны, денсаулыққа кері әсерінің болмағаны анықталған. Ең қызығы, тышқанға жасалған тәжірибесі сәтті өткен соң Нұрәділ ғылыми жобасын өзіне де қолданған. Адамға қолдану кезеңінде дәрігерлердің тұрақты бақылауымен талдаулар жасалған, қауіпсіздік нормалары толық сақталған.
Жобаның артықшылықтары да айқын. Құрамның табиғилығы, зиянсыздығы, ғылыми дәлдікпен жасалған зерттеулер және процесс барысында бірнеше мекеменің тәжірибесінің қолданылуы маңызды болып отыр. «Жобам табиғи стероид алу техникасының күрделі болуымен ерекшеленеді. Сондықтан мұны болашақта іргелі зерттеулермен алға жылжытқым келеді. Алайда жобаның әлеуеті зор. Фитнес индустриясында табиғи қоспаларға деген сұраныс жылдан жылға өсіп келеді», дейді Нұрәділ. Оның зерттеуі қолдау тапса, болашақта нарыққа енуі мүмкін тиімді әрі қауіпсіз өнім жасаудың алғашқы баспалдағы болмақ.
Жалпы мұндай конкурс ғылыми ойдың тууы мен жүзеге асыруға жол ашатын үлкен алаңға айналғаны құба құп. Өйткені оқушылардың өзіндік ойы мен терең білімімен өмірге келген тың жоба жоғары оқу орындарының зертханасында жалғасып, үлкен ғылыми нәтижелерге айналса, ел дамуына ерекше серпіліс алып келмек.
Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»