Жасанды интеллект өнерге де жаңаша көзқарас алып келмек

Жасанды интеллект өнерге де жаңаша көзқарас алып келмек

Бүгін Оқу-ағарту министрлігінің Talap КеАҚ, Шымкент қаласының әкімдігі және Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект және өнер: әлеуметтік аспектілер және білім» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты сол, жасанды интеллект технологияларының қазіргі қоғамдағы рөлін терең түсіндіру, оның өнер мен білім саласына ықпалын талдау және осы бағытта этикалық, әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін қарастыру болды.

Семинар барысында қатысушылар жасанды интеллектінің адам шығармашылығымен байланысын, оның шығармашылық ізденіске беретін жаңа мүмкіндіктерін, сондай-ақ цифрлық мәдениеттің болашақ даму бағытын талқылады. Іс-шара ғылыми қауымдастықтың, білім беру мекемелерінің және шығармашылық мамандардың өзара тәжірибе алмастыратын кәсіби алаңына айналды.

Колледждің оқу ісі жөніндегі орынбасары Асылбек Тастанбеков семинардың өзектілігін атап өтіп, жасанды интеллектінің педагогтардың кәсіби дамуына әсері туралы өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, бүгінгі жаһандану дәуірінде жасанды интеллект білім саласын жүйелі түрде өзгертіп, оқытушыларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. «Бүгінгі семинарда жасанды интеллект пен өнер саласындағы заманауи жаңалықтарды талқылау, сондай-ақ мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған тәжірибе алмасу алаңын құрудың маңызы осында. Семинарға түрлі білім беру ұйымдарынан келген мамандар қатысып, жасанды интеллектіні білім процесіне тиімді енгізу жолдары туралы маңызды ойларын ортаға салды», деді ол.

Өнер және дизайн кафедрасының меңгерушісі Зульфия Иманқұлова жасанды интеллектінің оқу және өнер саласындағы қолданысын нақты мысалдармен түсіндірді. Оның айтуынша, жасанды интеллект оқытушының жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, студенттердің шығармашылық ойлауын дамытуға мүмкіндік береді.

«Жасанды интеллект презентацияларды дайындау, талдамалық материалдарды әзірлеу және сабаққа дайындалу барысында уақытты үнемдеуге көмектесетін тиімді құрал болып отыр. Ал өнер саласында бұл студенттердің қиялын кеңейтіп, жаңа идеяларға жол ашады. Дегенмен, жасанды интеллект шаблон беруші ғана, ал шынайы шығармашылық еңбек адамның өзіне тән. Егер жұмыс толықтай жасанды интеллектіге тәуелді болса, авторлық құқық пен туындының даралығы жоғалуы мүмкін», деп атап өтті ол. Маманның пікірінше, ең маңыздысы - технологияны орынды пайдалану және студенттің өз қолтаңбасын сақтап қалуға негізделуі керек.

Семинарға қатысқан колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Досжан Жұмабаев та жасанды интеллектінің білім беру процесін ұйымдастырудағы тиімділігіне тоқталды. Оның айтуынша, колледж әкімшілігі оқу жоспарларын әзірлеуде, сабақ кестесін құруда және құжат айналымын оңтайландыруда маңызы зор. «Жасанды интеллект адамның ойлау қабілеті мен техникалық мүмкіндіктерді тоғыстыратын ерекше құралға айналғаны жақсы. Оқу процесін жоспарлауда, құжаттарды жүйелеуде және ақпаратты құрылымдауда ол жұмысты едәуір жеңілдетеді. Ал студенттер үшін оның маңызы одан да жоғары: эскиздер жасау барысында арнайы бағдарламалар композиция құруға, идеяны бағыттауға, қиялды дамытатын қосымша мүмкіндіктер береді. Бұл олардың шығармашылық деңгейін арттыруға ықпал етеді», деп отыр.

Семинарға Шымкент қаласының Білім басқармасынан және халықаралық деңгейдегі сарапшылардың қатысуы іс-шараның маңызын одан әрі арттырды. Олар жасанды интеллектінің білім беру мен өнер саласындағы әлеуметтік, этикалық мәселелерін де талқылады. Әсіресе авторлық құқық, академиялық адалдық, жасанды интеллектіге тәуелділік сияқты тақырыптар төңірегінде сындарлы пікір алмасу өтті.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»