Шымкент жастары «Салауатты ұрпақ – ел болашағы» тақырыбында танымал спортшылармен кездесті. Бұл шара жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Кездесуге «Ордабасы» ФК қақпашысы Бекхан Шайзада, «Ордабасы» ФК шабуылшысы Сағадат Тұрсынбай, сондай-ақ, Шымкент қаласының Дзюдо Федерациясының вице-президенті, дзюдо және самбо бойынша қазақ спорт шебері, JUDO «AB Zanimaites sportom» клубының директоры Алтынбек Абаев қатысты.
Кездесу барысында спортшылар өз мансабының басталуы, спорттағы жетістіктері және күнделікті жаттығу тәртібі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, жастарға табандылық пен тәртіптің спорттағы маңыздылығы, дұрыс тамақтану, спортпен айналысудың артықшылықтары және нашақорлықтың алдын алу,зиянды әдеттерден аулақ болу туралы кеңес берді.
Кездесу сұрақ-жауап форматында өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алды. Іс-шара жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шабыттандырды және спорт арқылы табысқа жетудің нақты мысалдарын көрсетті.