Жастар театры "Ыбырай" пьесасын сахналады

Жастар театры "Ыбырай" пьесасын сахналады

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен қаақтың тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай шымкенттік «17» жастар театры «Ыбырай» драма-оммажын сахналады. Қойылым тұсаукесеріне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ш.Мұқан, пьеса авторы, драматург М. Омарова және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Драматург М.Омарованың айтуынша, пьеса жастар театрының директоры, әрі көркемдік жетекшісі Рүстем Әуелбековтің ұсынысымен жазылған.


— Ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай театр директорынан пьеса жазуға ұсыныс түскенде біраз ізденуге тура келді. Себебі, Ы. Алтынсариннің ағартушылық қырынан бөлек, ғалым, этнограф, фольклоршы сынды сан қыры бар. ХІХ ғасырдың соңында қазақ даласында миссионерлердің ықпалы күшейіп тұрған тұста қоғамдағы қысымға қарамай, мектеп ашып, оқулық жазуының өзі үлкен ерлік. Біз мектеп мұғалімдері мен жастарға Ыбырайдың ағартушылық қырын ашуға тырыстық, - дейді драматург.

Ал, қоюшы режиссер Фархадбек Қанафин «17» жастар театрымен екінші мәрте шығармашылық байланыс орнатып отыр. Бұған дейін «Тастамашы мені ана» спектаклін сахналаған.


— Көрерменді ХІХ ғасырға жетелеп, қазақ даласына Ы. Алтынсариннің ілім-білімді қандай еңбекпен әкелгенін, оның миссионерлермен күресін көрсетуге күш салдық, - дейді Ф. Қанафин.

Қойылым премьерасы аншлагпен өтті. Ыбырайдың татар тіліндегі оқулықтан бас тартып, қазақтың болмысына сай кітап жазуы, білім тарату жолындағы күресі көрермендерге ой салды.

Айта кетейік, «17» жастар театры 2018 жылы құрылған. Репертуарында онға жуық спектаклі бар театр, «Ыбырайды» республиканың түкпір-түкпірінде сахналауды жоспарлап отыр.