Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Арбат демалыс аймағында «Тегін білім алу: Қазақстанда қалай тегін білім алуға болады?» тақырыбында кеңес беру акциясы өтті.
Шараның басты мақсаты — жастарға елімізде тегін білім алудың мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндіріп, олардың болашақ мамандықты дұрыс таңдауына бағыт беру. Акция барысында Әл-Фараби ауданы бойынша Мансап орталығының басшысы Нұрбол Шымкентбаев пен орталықтың жұмыспен қамту бөлімінің маманы Мейіржан Ерман жастармен ашық диалог жүргізіп, мемлекеттік білім гранттары, кәсіби бағдар, оқу бағдарламалары мен еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы нақты мәліметтермен бөлісті.
Спикерлер жастарға Қазақстандағы жоғары және орта арнаулы білім беру жүйесі бойынша тегін оқу мүмкіндіктерін түсіндіріп, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы тегін оқу бағдарламалары туралы ақпараттар берді.
— «Бүгінде мемлекет жастардың білім алуына кең мүмкіндік беріп отыр. Мәселе — ақпараттың жетуінде. Біздің мақсатымыз — сол олқылықтың орнын толтыру. Техникалық, кәсіптік, жоғары білім алу үшін берілетін мемлекеттік гранттар, дуальды оқыту жүйесі, қысқа мерзімді курстар туралы нақты әрі қолжетімді ақпаратты барынша қарапайым тілмен жеткізуге тырыстық», — деді Мансап орталығының басшысы Нұрбол Шымкентбаев.
Кездесу барысында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты жауаптар алды. Шара еркін форматта өтіп, оқуға ынтасы бар жас буынға бағыт-бағдар беру алаңына айналды. Осындай кеңес беру акциялары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
«Шымкент келбеті»